Ашық диалог пен жауапкершілік кезеңі
Қала әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті. Бұл жиын – кезекті ресми басқосу емес, ел болашағына тікелей әсер ететін басты құжат төңірегіндегі ашық пікір алмасу алаңы болды. Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорын басшылары, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, жастар мен сарапшылар қатысты. Қоғамның түрлі саласын қамтыған қатысушылар құрамы талқылаудың ауқымын да, жауапкершілігін де айқындап тұрды.
Кездесу барысында қалалық мәслихат төрағасы Ломакин А.Б., Қарағанды индустриалды университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жаутиков Б.А. және «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Ажиков Н.Х. баяндама жасады. Спикерлер сөзінде ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мән-маңызына нақты тоқталып, олардың мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Конституциялық реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды, шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысуын кеңейтуді және қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайтуды көздейді.
Яғни өзгерістер тек құқықтық техниканы жаңарту емес, саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеру міндетін де алға қояды.
Баяндамашылар реформалардың ел ішіндегі тұрақтылық пен жауапкершілік қағидаттарын күшейтуге бағытталғанын айтты. Мемлекеттік институттардың тепе-теңдігін сақтау, азаматтық қоғамның рөлін арттыру, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру секілді мәселелер кеңінен қозғалды. Университет ректоры ғылыми қауымдастық атынан сөз сөйлей отырып, құқықтық реформалардың сапалы білім мен ғылым дамуына тікелей ықпал ететінін жеткізді. Ал партия өкілі азаматтардың белсенді позициясы реформалардың табысты жүзеге асуының басты шарты екенін атап өтті. Конституция – тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің құжаты емес, бүкіл қоғамның ортақ келісімі екені бірнеше мәрте айтылды.
Жиын қорытындысында қала әкімі нақты тапсырмалар берді. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тұрғындар, еңбек ұжымдары және жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жүктелді. Ашық кездесулер өткізу, диалог алаңдарын ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенді ақпарат тарату қажеттігі тапсырма ретінде белгіленді. Бұл өзгерістердің мазмұнын әрбір азамат түсініп, саналы түрде қабылдауы маңызды екені баса айтылды.
Конституция – мемлекеттің темірқазығы, ал оны жетілдіру – уақыт талабы. Сондықтан жаңа Конституция жобасын талқылау бір күндік шарамен шектелмейді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Ашық пікір алмасу, ұсыныстарды тыңдау, әр көзқарасты ескеру – құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі. Қала әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыс осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды.
Бұл үдерістің табысты болуы билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге тікелей байланысты. Әрбір азамат өзінің пікірінің маңызды екенін сезінген кезде ғана Конституциялық реформа шынайы мазмұнға ие болады. Жаңа Конституция жобасы – тек құжат емес, елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешім, сондықтан оған деген жауапкершілік те, белсенділік те ортақ болуы тиіс.
Өз тілшімізден

