Экологиялық жауапкершілік – Жаңа Конституцияның маңызды қағидаты
Жаңа Конституция жобасында табиғатты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жасыл болашаққа бағытталған жауапкершілік мемлекетіміздің ең маңызды қағидаттарының бірі ретінде айқын жазылды. Өздеріңіз білетіндей, бұл құжатта адам құқықтары мен бостандықтары, әлеуметтік әділеттілік, экономикалық және саяси даму ғана емес, сонымен бірге табиғатты қорғау міндеттері де стратегиялық басымдық ретінде көрсетілген.
Экологиялық қауіпсіздік – біздің ортақ болашағымыздың кепілі. Жаңа Конституцияда азаматтардың табиғатты сақтауға және қоршаған ортаға жауапты қарауға міндетті екені нақтыланады. Сондай-ақ жауапты органдар мен тұлғалардың нақты экологиялық қауіптерді жасырғаны үшін заң алдында жауап беретіні атап өтіледі.
Бұдан бөлек, жоғары деңгейлі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет тарапынан насихатталатын негізгі принцип ретінде бекітіледі. Бұл – қоғамымыз үшін аса маңызды қадам. Себебі экология – тек табиғатты қорғау ғана емес, адам денсаулығы, қауіпсіздік және болашақ ұрпаққа таза жер қалдыру деген сөз. Қазақстанның әр өңірінде, әр қала мен ауылда бұл идеяны нақты іске асыру – баршамыздың ортақ парызымыз.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы миллиондаған адамды біріктірді. Бұл бастама қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, табиғатты сақтау идеясын күнделікті өмір салтына айналдыруда маңызды рөл атқарды.
Енді Конституция деңгейінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық зиянды азайту және табиғатты қалпына келтіру шараларын жүргізу заң жүзінде міндеттеледі. Осы арқылы табиғатты сақтау мен экономикалық даму арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге жол ашылады.
Асылжан ТӨЛЕГЕНОВ,
«Kazakhmys holding» ЖШС компаниясының экология мәселелері жөніндегі департаментінің бас маманы,
«TALDAU мектебі Қарағанды» аналитика мектебінің түлегі.

