Ғасыр тәуекелінен аман өтеміз десек…

Просмотров: 9

Қазақстан жаңа Су кодексін қабылдады. Бұған дейін, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдығында екі рет Су кодексі қабылданыпты. Жаңасы несімен ерекше? Депутаттардың айтуынша, бұрынғы кодекстер негізінен декларативті сипатта болып келді, нақты тетіктен емес, «ізгі ниеттер» жиынтығынан тұрды. Жаңа құжатта су үнемдеу, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, суару, дренаж жүйелерінің, сумен жабдықтау магистралдарының қауіпсіздігі мәселелерін шешуге қадам жасалып отыр.

Кеңес заманында экологияға еш мән берілмеді. Табиғатты қорғау су­тегі бом­­басын, ядролық, тер­моядро­лық, бас­­қа қаруларды сы­нау­ға, ауыр ин­дус­т­рия­ны дамытуға, улы шаңы бұрқыраған кен орында­рын игеруге, өндіріс пен шаруа­шы­лық мақсатында тұтас өзендария­лар­­ды құрғатуға, кері бұруға және бас­қа да кесірлі істерге кедергі кел­­­­ті­ретін.
Тарихшылар әр кезеңдегі барлық КСРО конституцияларында эко­ло­гия туралы бірде-бір сөз болма­ға­ны­на назар аудартады. Қызығы сол, Кеңес Ода­ғы­ның қоршаған ортаны қор­ғау министр­лі­гі 1991 жылғы 1 сәуір­де («Күлкі кү­нін­де») құрылды, ізін­ше, 1991 жылғы 14 қа­­­ра­шадағы КСРО Мемлекеттік кеңе­сінің қау­лы­сымен ол министрлік жойыл­ды.
Табиғат пен су ресурстарын қор­ғап, сақ­тау мақсатында азат Қазақ­стан ал­ғаш­қы Су кодексін Жоғарғы Кеңестiң ХІІ сессиясында, 1993 жыл­ғы 31 нау­рыз­да қабылдады. 2003 жылғы 9 шілдеде жаңа ғасырдың талаптарына сай қайта жа­зылған жаңа Су кодексі күшіне енді.
Бүгінде Президенттің тікелей тап­сыр­масымен жаңа Су кодексі өмір­ге жолдама алып отыр. Мемлекет бас­­шысы 2025 жылғы 9 сәуірде суға қа­тыс­ты тұтас заңнамалар топтамасына қол қой­ды. Оның арасында «Су кодексі», «Кей­бір заңнамалық актілерге су қорын қор­ғау және пайдалану мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы», «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодексіне су қо­рын қорғау және пайдалану мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру енгізу ту­ралы», сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы кодексіне су қорын қор­ғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңдары бар.
Жаңа Су кодексі ресми жарияланғаннан 60 күн өткенде, яғни 2025 жылғы маусым айы­ның басында күшіне енеді. Ол 6 бө­лім­нен, 15 тараудан және 134 баптан тұра­ды. Кодекстің негізгі миссиясы су ресурс­та­рын кешенді басқаруды дамыту қағи­да­тына сай мемлекеттік жоспарлау жүйесін ре­формалау болады. Өйткені бұрын қол­да­нылған Су кодексіне 2003 жылдан бері 82 өзгеріс енгізілді. Онда көптеген нор­ма­ның тиісті тетігі болмаған соң 22 жыл ішін­де сол бойы шешілмеген көрінеді.
Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су ны­сан­дарын қорғауға бағытталған. Заңнамаға ал­ғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тап­шылығынан, ал су нысандарын лас­тану­дан қорғайды, трансшекаралық су ны­сандарын қорғау, пайдалану саласында ел мүддесіне қызмет етеді.
Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қай­та қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға мән берілген. Үшінші блок су тасқынының, судан келетін залалдың алдын алу, жою іс-шараларын қамтиды.
Төртінші блокта су қорын пайдалану, қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инс­пекцияларына мемлекеттік бақылау функ­циясынан бөлек, жедел әрекет ету үшін қадағалау өкілеттіліктері берілді. Бе­сінші блок гидротехникалық құрылыс­тар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған.
Кен іздеушілер Аралдан аласталды
Кез келген мемлекеттің Күн сөнген­ше тұруы және өлместің күнін кешпей, өркендеп, ілгері басуы үшін хал­қы­ның, шаруашылығының, өндірісінің сумен жеткілікті қамтылуы маңызды. Су ре­сурстарын тиімді басқару – орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, су, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы.
– Су ресурстарын ұтымсыз тұтыну жә­не пайдалану оның ысырап етілуіне, лас­тануына, сарқылуына соқтырады. Елдегі су ресурстарына түсетін жүктемені азайту, климаттың өзгеруіне байланысты экстре­мал­ды құбылыстардың қарқыны артқан жағдайда инфрақұрылымдық, қаржылық, өзге мәселелерді шешу үшін су ресурстарын бас­қару жүйесін жетілдірудің уақыты кел­ді. Су кодексінің негізгі жаңашылдығы осын­да, – деді Сенаттың Аграрлық мәсе­ле­лер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Жанболат Жөргенбаев.
Мұның сыртында су заңнамасын бұз­ға­ны үшін жаза күшейтілді. Жеке, лауа­зым­ды және заңды тұлғалардың жауап­кер­шілігін күшейту үшін айыппұл мөлшері арттырылды. Атап айтқанда, суды заңсыз алу; су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс салу; су­ды пайдалану шарттары мен режимін бұзу; су ресурстарының ластануы және сар­­қылуы; су объектілерінің арналары мен ше­­караларының өзгеруі және тағы басқа сия­қты құқықбұзушылық түрлеріне қа­тыс­ты қатаң шара қарастырылды.
Депутаттардың түсіндіруінше, Су ко­дек­сінің басты алты жаңашыл­ды­ғын атап өтуге болады. Біріншіден, ст­ра­тегиялық жоспарлаудың жаңа құрал­дары енгізілді. Екіншіден, кәсіпорындарға гидротехникалық құрылыстарды көп­фак­тор­лы тексеруден өткізу және қауіпсіздік декларацияларын, техрегламентін әзірлеу жүктеледі. Үшіншіден, сала цифрлан­ды­рылады. Су ресурстарының мониторингі ен­гізіледі, суды басқарудың бірыңғай Ұлт­тық ақпараттық жүйесін құру жоспар­лан­ған.
Төртіншіден, жаңа кодексте суды үнем­­­­деуге екпін түсіріледі. Суды ұтымды пай­­­далану, ысырапты азайту, суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша су пай­даланушылардың міндеттемелері бекітілді. Су­ды кәдеге жарату және қайталама сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспары болған жағдайда арнайы су пай­далануға рұқсат беріледі. Ауызсуды үнем­деу мақсатында елді мекендерді тех­ни­калық сумен жабдықтау жүйелерін құру ре­ттеледі. Ал суды тұтынудың «ең жақсы қол­жетімді технологияларын» пайда­ла­на­тын, үнемшіл кәсіпорындарға мемлекеттік қол­дау көрсетіледі.
Бесіншіден, жаңа кодекс Қазақстанды кли­маттың өзгеруіне бейімдемек. Жеке та­рауда су ресурстарының тапшылығын жә­не судың зиянды әсерлерін болдырмауға бағытталған су ресурстарын басқару жүйе­сін дамытудың бірқатар шарасы, соның ішінде судың зиянды әсерінің алдын алу және жою, құрғақшылықтың жағымсыз зар­даптарына бейімделу, жасанды құр­ғақ­шылықтың алдын алу қарастырылған.
Құжаттың тағы бір жаңалығы ‒ бала­ма­лы су көздерін жинақтау және пайдалану көз­делген. Жаңбыр, қар суы, яғни табиғи ор­тада пайда болатын барлық су елдің су әлеуе­тін толықтыру және сақтау көзі ре­тінде қарастырылады. Соның негізінде бо­­лашақта Германиядағыдай «жаңбыр са­лығы» енгізілуі мүмкін. Бірқатар эко­бел­сенді шатырынан аққан жауын-ша­шын, қар суын жинап, пайдаланбайтын, сол арқылы қалалық коммуникацияға сал­мақ түсіретін, суды ысырап ететін жеке үй­лерге, ғимараттарға қосымша алым ен­гізу бастамасын көтеріп жүр.
Тиімді тұтынуға тариф түрткі
Президент өз Жолдауларында су ре­сурстарын ұқыпты, тиімді пай­далану тәсілдерін әзірлеу жөнінде нақты тап­сырмалар беріп жүр. Мысалы, ресми ақ­парат бойынша елдегі барлық судың 30%-ын – өнеркәсіп саласы, 60%-ын – ауыл шаруашылығы шығындайды. Жаңа ко­декс аясында оларды суды үнем қылуға міндеттеу тетіктері күшейтілмек.
Су ресурстары және ирригация ми­нист­рі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, жал­пы Қазақстан бойынша өнеркәсіп кә­сіпорындары жылына 6 миллиард текше метр су шығындайды. Оның тек 800 мил­лион текше метрге дейінгісін тазартып, қай­та пайдаланады. Бұл небәрі 12%-ы. Ми­нистр былтырғы тамызда Су басқару жүйе­сін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұ­жы­рымдамасын қабылдағандарын еске салды.
– 2030 жылға дейін суды қайталама пай­далану көрсеткішін 40%-дан асыруы­мыз керек. Жаңа Су кодексі күшіне енген­нен бастап екі жыл ішінде барлық мекеме, өнер­кәсіп кәсіпорындары, ауыл шаруа­шы­лығы, жеке кәсіпкерлер суын пай­да­ла­натын бассейн инспекцияларымен бірге ар­найы, тиісті іс-шараларды қабылдауы керек. Онда келесі 5 жыл ішінде суды үнем­деу, суды тиімді пайдалану, суды қайта пай­далану шараларын жеке қарастыруы қа­жет. Осы жұмыстар атқарылғанда бел­гі­ленген индикаторларға қол жеткіземіз, – деді министр.
Реформа аясында ағын суға тариф бе­кіту құзыры Ұлттық экономика ми­нистр­лігі­нен алып қойылып, Су ресурстары жә­не ирригация министрлігіне беріліп жа­тыр. 2025 жылдың екінші жартысынан бас­тап мал, егін шаруашылығымен айна­лы­сатындарға және басқасына су тарифін бел­гілеу саясатын осы министрлік жүр­гі­зе­ді. Шаруашылық суды әр дақылға байла­ныс­ты нормативтен көп пайдаланса, оған та­риф 20%-ға өседі. Бұл норма 2024 жыл­дың мамыр айынан бастап күшіне енді.
Жасыратыны жоқ, суды үнемдеуге мәж­бүрлеу шаралары халыққа да тікелей қа­тысты болады. Үкімет тарапынан суды нор­мативтен тыс тұтыну, мысалы, ұзақ суға түсу, үнемі ванна қабылдау, ауызсуды бақ­ша суаруға, көлік жууға пайдалану жә­не басқасы үшін жоғары тарифтермен жа­залау, тарифтік саясатты жетілдіру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан қазақстандықтар ком­муналдық қызмет түбі­р­тек­те­рін­де су үшін ақының қатты өскенін бай­­қады. Ұлттық экономика министрлігі был­тырдан бері ауызсу бойынша «сара­лан­ған тарифтер» енгізілгенін хабарлады.
Екінші топқа ‒ 3-тен 5 текше метрге дейін су тұтынатын отбасылар жат­қы­зыл­ды. Олар үшін тарифтер 20%-ға көтерілді. Бұл санатқа халықтың 20%-ы енді. Үшінші топ ‒ 5-тен 10 текше метрге дейінгі аралық­пен шектелді. Оларға тарифтер 50% ұлғай­ды. Бұл санатқа да халықтың шамамен 20%-ы кіреді. Төртінші топ ‒ ай сайын 10 тек­ше метрден көп суды тұтынатындар. Қа­зақстандықтардың 10%-ы сондай екені мә­лімделді. Олар үшін тарифтер бірден 2 есе өсірілді.
2024 жылы сараланған тариф 9 облыста сы­нақтан өтті. Министрліктің дерегінше, сол 9 облыста айына 1 миллион 600 мың тек­ше метрге дейін су үнемделіпті. Ал үнем­дей алмаған қазақстандықтарға ай сайын бұрынғыдан 800 мың теңгеге дейін артық төлеуге тура келіпті. Үкімет са­ра­лан­ған тариф аясында түсетін қосымша қар­жы су жүйесін қалпына келтіруге жұм­салатынына сендірді.
Су қауіпсіздігі – XXI ғасырдың негізгі жаһандық тәуекелдерінің бірі. Ол тәуе­кел­ден ел абыроймен әрі аман өтуі үшін билік, биз­нес пен бұқара суды ұтымды, ұқыпты, үнем­ді жұмсау жолына түбегейлі бет бұр­ғаны жөн.

Айхан ШӘРІП

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған