«Аты-жөнін анық айта алмады»: Қарағандыда орман алқабынан жеті жасар қыз табылды
Қарағандыдағы орман алқабынан жалғыз жүрген 7 жасар қыз табылды. Осыған дейін қыздың әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру мәселесі де қаралғаны мәлім болды. Бұл туралы 247media.kz ақпарат агенттігі «31 арна» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды
Телеарна мәліметінше, Қарағандыдағы орман алқабынан үсті-басы кір-қожалақ, аш бала табылған. Қыз жалғыз өзі бірнеше шақырымды, атап айтқанда Федоровка ауданынан Михайловкаға дейінгі аралықты жүріп өткен. Қамқор адамдар оны тауып алып, полиция шақырған.
«Қыз атын айтқанда түсінбедік, ол 7 жаста екенін біледі, бірақ ол өз есімін анық айта алмады. Тілінде кемістік бар, ойын білдіргенде түсініксіз сөйлейді. Айтқан сөзі анық емес», – деді «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының жетекшісі Даяна Қазиева.
Полицейлер қызды «Шанс»орталығына жеткізді. Қызметкерлердің айтуынша, бүлдіршіннің дамуында ақау бар.
Қызметкерлер 7 жасар қыз иттермен серуендеуге шығып, орман алқабында адасып кеткенін айтты. Мамандардың сөзінше, бүлдіршін ішімдік ішкен ата-анасына ренжіген. Сондай-ақ ол зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін деген болжам айтылды, өйткені ол мазасыз, агрессивті және адамдарға сенбейтін мінез танытқан
. Дағдарыс орталығының қызметкерлері қамқоршылық бөліміне хабар беріп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберді. Полицияның мәліметінше, қыздың ата-анасы былтырдан бері тіркеуде тұрған. Желтоқсанда балалардың құқығын қорғау комиссиясы оларды ата-аналық құқығынан айыру мәселесін қарастырған.