«Ауруханалар науқастарға толып кетті». ДСМ COVID-19 жайлы тарап жатқан хабарламаға қатысты түсініктеме берді

Просмотров: 13
Әлеуметтік желіде коронавирус инфекциясына (КВИ) қатысты тағы бір «қорқытып-үркіту» түріндегі ақпарат тарап жатыр. Бұған қатысты 2024 жылы 26 тамызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ), сондай-ақ Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды 247media.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, мессенджерлерде жұқпалы ауруларға арналған ауруханалар COVID-19 диагнозымен түскен науқастарға толып кеткені туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Коронавирус инфекциясы бойынша жағдай бақылауда. 2024 жылдың басынан бері елімізде COVID-19 бойынша 1 356 дерек тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден сегіз есе аз. COVID-19 диагнозымен ауруханаға түскендер жұқпалы аурулар төсек қорының 0,1% құрайды. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Барлық азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз. Жаңсақ ақпарат тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді», деп атап өтті  Zakon.kz тілшісіне ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Өз кезегінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматыда КВИ бойынша жағдай тұрақты екенін айтты.

«Қаланың жұқпалы аурулар ауруханаларында төрт ересек науқас емделіп жатыр. Жасанды жолмен тыныстау аппаратына қосылған ауыр жағдайлар немесе науқастар жоқ. Балалар арасында бұл ауру жағдайлары тіркелген жоқ».Алматы ҚДБ баспасөз қызметі

 

Өткен аптада әлеуметтік желіде «COVID-19 салдарынан 2024 жылдың қыркүйек айының ортасынан бастап балаларды қашықтықтан оқытуға босатады, ал мекемелерде бетперде тағу режимі қайта енгізіледі» деген ақпарат пайда болды. Бірақ 23 тамызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған