«Қазақстан барысы-2024» чемпионы атағын Абай облысының балуаны иеленді

Просмотров: 20
Астанадағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде Республика күніне орай қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы» XIII республикалық турнирінің чемпионы атағын абайлық балуан әрі әскери спортшы Ерасыл Қажыбаев иеленді, деп хабарлайды 247media.kz

Балуандар сайысы Қазақстанда 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жолы оған республикалық маңызы бар қалалардан, облыстардан және АОСК-нан 41 спортшы қатысты.

«Қазақстан барысы» беделді турнирінің чемпионы атағын армия спортшысы сержант Ерасыл Қажыбаев олжалады. Шешуші жекпе-жекте оның қарсыласы шымкенттік спортшы Ерсұлтан Мұзаппаров болды, ол екінші орын иеленді. Үшінші орын Абай облысынан Саят Шәмшиевке бұйырды», делінген хабарламада.Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ерасыл Қажыбаевқа чемпион белбеуі мен қасқыр терісін табыс етті. Айта кетейік, жылдың ең мықты балуанына 15 млн теңге марапат берілді.

Отыз жасар Ерасыл Қажыбаев – Семей қаласының тумасы. 2015 жылы ол «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетті бітірді. Ерасыл Алматыдағы Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы филиалының оқу-жаттығу орталығы штаттық командаларын даярлау бөлімі дзюдо бөлімшесінің спортшы-нұсқаушысы болып қызмет етеді. Сонымен қатар, 2018 және 2019 жылдары Қажыбаев «Қазақстан барысы» турнирінде екінші орын алған болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған