Қазақстанда еңбекке қабілетті азаматтардың 400 мыңға жуығы жұмыссыз

Просмотров: 30

15 мың қазақстандық Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүр. Оларды елге қайтару туралы екі ел арасында келіссөздер жүріп жатыр. Англияда құлпынай теретін азаматтарымыздың да қатарып көбейіп келеді. Иә, өз елінде екі қолға бір күрек таппаған отандастар шетел асып, өзгеге жалданып жұмыс істеуге мәжбүр. Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті азаматтардың 400 мыңға жуығы жұмыссыз. Ал түлектердің басым бөлігі мамандығы бойынша қызмет етпейді. Осы және өзге де мәселелер бүгін Үкімет сағатында көтерілді. 

Жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасады. Бірақ әлі күнге дейін қоғамды жұмыссыздық мәселесі алаңдатып отыр. Тіпті, «жұмыс істейтін кедейлер» феномені белең алған. Яғни, толық жұмыс күні еңбек етіп, жалақысы кедейлік шегінен аса алмаған мамандық иелері бар. Бұл, әсіресе, мемлекеттік секторларға қатысты. Ал өзін – өзі жұмыспен қамтығандар саны азаюдың орнына көбейіп келеді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Баяғы жартас-сол жартас. Біз әлі күнге дейін тізесі шыққан шараларды қолданудамыз. Жаңа жүйелі шаралар аз. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссаң, тіпті, арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды. 5 жылдан кейін 350 мыңға барады. 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады.

2023 жылы ЖОО түлектерінің тек 25%-ы жұмысқа орналастырылған. Ал олардың едәуір бөлігі мамандық бойынша қызмет етпейді. Бүгінде 11-сынып бітіргендердің 50 мыңы колледждерге түсіп жатыр. Осыған орай депутат Асхат Аймағамбетов жоғары сынып оқушылары мектеппен қатар колледжде де оқи алуы керек деген ұсыныс айтты.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біздің ойымызша, 10-11 сыныптарда оқып жатқан балаларға колледжде параллельді оқуға мүмкіндік беру – бұл ақшаны да азайтады, олардың уақытын тиімді жұмсауға көмектеседі және олар мектепті бітіргенде аттестатпен бірге нақты мамандықты алып шығады.

Сонымен қатар депутат гранттардың дұрыс бөлінбейтінін алға тартты. Колледждердегі мемлекеттік тапсырыс құны өте төмен және кадрларды сапалы даярлауға мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Олардың 50%-ы материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша жұмысты аяқтаған жоқ.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Колледждерді сапалы жұмыс істеуіне ынталандыру бағытында саралау жұмыстары әзірленіп жатыр. Сол саралау жұмыстарының негізінде мықты колледждер жан басына шаққандағы қаржыны көтеру 1 млн аса теңгені құрау жоспарланып отыр. Бұл колледждер арасындағы бәсекені, маман даярлаудағы сапалыққа алып келеді деп күтілуде.

Қазір кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70%-ға артық. Дегенмен, кей жастар ұста, токар, дәнекерлеуші мамандықтарына жолағысы келмейді. Сондықтан құзырлылар «Жұмыстан бас тартқан жағдайларды заңнамалық түрде реттеу қажет»,- дейді.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Біз азаматтарға мүмкіндік береміз. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз және жұмыс ұсынамыз. Егер азамат мемлекеттік қолдауға үміткер бола тұра қандай да бір жұмыстан бас тартқан жағдайда атаулы әлеуметтік көмек төлемейтін боламыз. Қазір бұл мәселеге қатысты тиісті нормалар қарастырылып жатыр.

Болжамдарға сәйкес, Қазақстандағы жұмыс орындарының 52 проценті автоматтандырудың тәуекеліне ұшырайды. Ал олардың 14 проценті алдағы 15-20 жылда жойылуы мүмкін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған