Қарағандыда Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер кілттері табысталды

Просмотров: 10

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының кәсіби мерекесі – Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік шараға спорт ардагерлері, спортшылар мен жаттықтырушылар, спорт саласының мамандары, федерация өкілдері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ спортшылардың ата-аналары қатысты.

Іс-шара барысында Қарағанды облысының спорт саласында атқарылған жұмыстарды қамтитын бейнеролик көрсетіліп, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Спорт күні – спортшылардың жетістіктерін ғана емес, осы саланың дамуына күн сайын үлес қосып жүрген жаттықтырушылардың, мамандардың, ардагерлердің, спорт ұйымдарының және спортшылардың ата-аналарының еңбегін атап өтетін маңызды күн.

Салтанатты шара барысында спорттағы жоғары жетістіктерімен ел мерейін асқақтатқан жерлестерге ерекше құрмет көрсетілді.

Атап айтқанда, 2024 жылғы Паралимпиада және 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер кілттері табысталды. Сурдтаеквондодан Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Абдраш Аян, Айжамол Абдиакатова және Айда Макатоваға бір бөлмелі пәтерлердің, ал сурддзюдодан Сурдлимпиада ойындарының 3 дүркін жеңімпазы Еркебұлан Канафинге үш бөлмелі пәтердің кілті берілді.

Сондай-ақ бірқатар спорт саласының мамандары Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ведомстволық наградаларымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің төсбелгілері мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олардың қатарында тәжірибелі жаттықтырушылар, спорт мектептерінің басшылары мен мамандары, спорт федерацияларының өкілдері және спорт саласының ардагерлері бар.

Мерекелік шара аясында спортшылардың ата-аналарына да ерекше алғыс білдіріліп, олар Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан марапатталды. Спортшылардың биік жетістіктеріне қолдау көрсетіп, олардың жеңістеріне бірге қуанып, әрдайым жанынан табылатын ата-аналардың еңбегі ерекше атап өтілді.

Мерекелік шарада спорт ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Оларға «Сарыарқа» хоккей клубының 2026–2027 жылдардағы маусым матчтарына жылдық тегін абонементтер, сондай-ақ демеушілер тарапынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті тарапынан да спорт саласына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы Олимпиада қозғалысының құрметті қайраткері» төсбелгісімен спорт саласының белгілі мамандары мен ардагерлері атап өтілді.

Марапаттау рәсімі барысында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, спорт мектептерінің, футбол және хоккей клубтарының, спорт федерацияларының, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де түрлі марапаттарға ие болды.

Салтанатты шараның көркемдік бағдарламасында қазақстандық эстрада өкілдері өнер көрсетіп, спортқа арналған музыкалық композициялар орындалды.

Спорт күніне арналған іс-шара соңында қатысушыларға спорттың қоғамдағы маңызы тағы бір мәрте атап өтіліп, дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс білдірілді.

Спорт – дені сау ұлттың негізі, жастарды тәрбиелеудің, бірлік пен патриотизмді нығайтудың маңызды құралы. Қарағанды облысында спортты дамыту және бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған