Қазақстанда сұйытылған газдың көтерме бағасын сақтау жоспарлануда
Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының ішкі нарығына тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасын бекіту туралы» бұйрықтың жобасын дайындады, деп хабарлайды 247media.kz
2024 жылғы 26 маусымда Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын өндіруші зауыттар үшін 2024 жылғы 1 шілдеден бастап тоннасына 45 158 теңге деңгейінде шекті көтерме бағаны бекітті. Мұндай бағалар 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ведомство шекті көтерме бағаны сол деңгейде қалдыруды жоспарлап отыр.
Жобада былай делінген:
«Сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме саудада өткізудің 2025 жылғы 1 қаңтардан , бір тоннасы үшін 45 158,00 (қырық бес мың бір жүз елу сегіз) теңге мөлшерiнде бекітілсін».
Жоба 2024 жылғы 5 желтоқсанға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.