Баланың аяғына неге ала жіп байлайды?

Просмотров: 19

Тұсаукесер – еңбектеп жүрген сәби аяғына тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын ғұрып. Бала алғашқы қадамын жасауға талпынғанда «тез жүріп кетсін», «болашағы жарқын болсын» деген ниетпен ырымдап тұсауын кескен. 


Ешкімнің ала жібін аттамасын, адал азамат болсын деген ниетпен тұсаукесерге арнайы ала жіп дайындалады. Бұрындары баланың тұсауын малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Тоқ ішекпен кесерде бала бай, дәулетті болсын деп ырымдаған. Ал шөппен кескенде шөптей қаулап, ұрпағы көбейсін деп тілеген.
Баланың тұсауын кесуді елге сыйлы, құрметті адамға сеніп тапсырады. Ала жіпті баланың екі аяғының арасынан өткізіп байлайды. Тұсау кесетін адам ала жіпті қайшымен емес, пышақпен кеседі. Тұсауы кесілген баланы екі адам қолынан жетектеп, ақ кілемнің не матаның үстінен жүгіртеді, шашу шашады. Сәбидің ата-анасы тұсау кесушіге арнайы сыйлық табыстайды.
– Қаз-қаз балам, қаз балам,Қадам бассаң мәз болам,Күрмеуіңді шешейін,Тұсауыңды кесейін.Тақымыңды жаз балам!Қадамыңа қарайық,Басқаныңды санайық,Қаз-қаз балам, жүре ғой.Әумин! – деп өлеңдеткен.
Уақыт өте келе тұсаукесер рәсімі жаңара бастады. Қазір ақ матаның үстінде тәй-тәй басқан баланың алдында қолын жайып анасы емес, бала таңдап алуға тиісті бірнеше зат қойылады. Оның қатарында ақша, қамшы, кітап секілді заттар бар. Бала ақшаны таңдаса – бай, қамшыны таңдаса – ел тізгінін ұстайтын азамат, ал кітапты таңдаса данышпан болады деп ырымдайды.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған