Баспана алуға арналған бағдарламалар

Просмотров: 128

Биыл жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрған мыңға жуық тұрғын баспаналы болады. Олардың арасында көпбалалы 200 ана бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайрат Қамзин мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 700-ге жуық пәтер Қарағанды, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында салынуда. Сонымен қатар Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында несиелік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

– Жыл соңына дейін 216 пәтерлік 4 үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Қарағандының 14-шағынауданында 3 үй (180 пәтер) және Теміртау қаласының «Горка Дружбы» шағынауданында 1 үй (36 пәтер). Сондай-ақ осындай тұрғын үйлер Балқаш пен Шахтинск қалаларында салынуда. Жаңа тұрғын үй салудан басқа облыста бос тұрған үйлерді қалпына келтіру тәжірибесі қолданылады. Абай, Шахтинск, Саран қалаларында, Ақтас кентінде және Доскей ауылында бос тұрған үйлер қалпына келтірілді, – деп мәлімдеді Қайрат Қамзин.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, бүгінгі таңда Күнгей, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск шағынаудандарында және Бұқар жырау ауданында Қарағанды жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Инфрақұрылымды іске асыру қорытындысы бойынша шамамен 1,2 мың жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Баспана мәселесі – өте өзекті тақырып. Осы орайда назарларыңызға үй алуға мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламалар тізбесін ұсынамыз.

2022 жылы үй алуға болатын ипотекалық бағдарламалар

Айта кету керек, кей мемлекеттік бағдарлама бюджеттен ақша бөлінуіне қарай ашылады және қазіргі уақытта қолжетімсіз болуы мүмкін. Сол үшін алдын ала банктерден нақтылау қажет.

«50/50» бағдарламасы

Нарықтан үй алу бойынша «50/50» бағдарламасы көп банкте бар. Айталық, Отбасы банкінде пәтер ақысының жартысын жинап, ең төменгі 5 пайызбен табысын растамай ипотека алуға болады. Бірақ ол үшін бірнеше талапқа сай болу қажет:

  • Отбасы банкінде міндетті түрде депозит болуы шарт;
  • үш жылда ақшаның 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткіші 16-ға толуы керек. Ол үшін үш жыл бойы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша салып отыру қажет.

Көп банкте пәтер ақысының 50 пайызын құйып, табысты растамай пәтер алуға болады. Мысалы, Алтын банк, Сбербанк, Halyk банкте стандарт ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан жоғары болады. Ал табысын растаусыз шамамен 18 пайыз.

«Нұрлы жер» бағдарламасы

Бұл – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдар қатыса алады. Ол арқылы пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі 5 пайыз.

Бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықтан үй ала алмайсың, тек сатылымға жаңадан қойылған немесе салынып жатқан үйлерді алуға болады. Табысты міндетті түрде растау керек. Қазіргі уақытта адам басына табыс 133 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы, жанұяда төрт адам болса, отбасы табысы 532 мыңнан аспауы керек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

«Бақытты отбасы» – табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған адамдар үй ала алады, олар:

  • көпбалалы отбасы (кем дегенде 4 бала);
  • толық емес отбасы (ажырасқанына 3 жылдан асуы керек);
  • мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы (мүгедектіктің кез келген тобы).

Ол бойынша жаңа салынған үйден жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер мен жер үй сатып алуға болады.

Бағдарлама бойынша заем мөлшерлемесі жылдық 2 пайыз. Ең төменгі бастапқы жарна 10 пайыз. Заем мерзімі 20 жылға дейін.

Табыс қандай болуы керек?

Отбасының әрбір мүшесіне келетін соңғы алты айдағы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс.

Кіріс ретінде не ескеріледі?

Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болып жатса, қосымша табысты қосып есептей аласыз.

Негізгі кіріске жататындар:

  • Айлық жалақы;
  • Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс;
  • Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс;
  • Тұрғын үй төлемдері;
  • Шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда).

Қосымша кіріске жататындар:

Зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

«Ұмай» ипотекасын тек әйелдер ала алады, себебі, статистика бойынша, 35 жастан асқан әйелдер ипотеканы көп рәсімдейді және олар жауапкершілікпен қарайтындар санатына жатады.

Бұл ипотеканың негізі шарттары:

  • Отбасы табысы 320 мыңнан аспауы керек;
  • Алғашқы жарна 0-ден 20 пайызға дейін, ол табыс көзі мен таңдалған үйдің бағалануына байланысты;
  • Заем 13 жылға дейін беріледі;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме 12 пайыз (қазіргі уақытта өзгеруі мүмкін);
  • Екі нарықтан да үй қарастыруға болады;
  • Табыс көзі соңғы 6 айға расталуы керек.

Маманның айтуынша, Отбасы банкіндегі пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары бағдарлама – осы. Алайда талаптары бойынша өзге банктермен салыстырғанда жылдық пайызы аз.

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы

«7-20-25» – Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама, ол тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Елбасы тапсырмасы аясында әзірленген.

«7-20-25» бағдарламасының операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ. Бұл бағдарлама аясында несие аламын деушілер қормен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес-банктерге жүгінуі тиіс.

«7-20-25» бағдарламасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі 7,2 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 пайызы және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді. Бағдарламамен Нұр-Сұлтан, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеге дейін тұрғын үй қарастыруға болады, ал Қарағанды қаласы үшін 20 миллион теңге және басқа өңірлер үшін 15 миллион теңге. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылды. Қарыз алушыдан қарызды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды.

Жеке тұлға «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  • Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
  • Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
  • Ипотекалық кредиттерінің болмауы.

Үй алуға алғашқы жарнасы жоқ адамдар не істейді?

Алғашқы жарна болмаса, өз үйін қосымша кепілге қойып, ипотека алуға мүмкіндік беретін бірнеше банк бар. Мысалы, Halyk банкінде мүлкіңізді кепілге қойып 13 пайызбен жаңа және қайталама нарықтан үй ала аласыз. Бірақ табыс көзін міндетті түрде растау керек. Сосын табыстың шамамен 40 пайызы ғана ипотека жабуға арналуы керек.

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді.

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірледі. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді. Жеке тұрғын үй қорынан жалға баспана алғаны үшін берілетін төлемді табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға беру ұсынылды. Олар:

  • көпбалалы отбасылар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар;
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған