Бибісара Асаубаева Гран-при кезеңінде тағы бір жүлде жеңіп алды
9 турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева (2487) 3-орын иеленді.
Еске сала кетейік, Бибісара Тбилисиде өткен Гран-придің алғашқы кезеңінде күміс жүлдеге қол жеткізген.
Осы жолы Шымкентте Александра Горячкина (2533) 7 ұпай жинап, жеңіске жетсе, одан жарты ұпай аз жинаған әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи (Қытай, 2551) екінші орын алды.
Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі – жүлде қоры қомақты турнир. Алты кезеңнің әрқайсысының қоры 80 мың еуроға тең. Бірінші орын алған шахматшыға оның 18 мыңы табыс етіледі. Екінші орынға – 13.000 еуро.
Бүкіл турнир сериясының жалпы жүлде қоры – $600 000, оның $120.000 жалпы есепте үздік болған он ойыншыға үлестіріледі.
Ал серияда жеңіске жеткен жағдайда әлемдік шахмат тәжін иеленуге жол ашылатын келесі үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) жолдама алуға болады.