«Заң және тәртіп»: Қарағандыда жастарға арналған құқықтық квест өтті

Просмотров: 9

Қарағандыда жүзге жуық жас «Заң және тәртіп аумағы» атты жастар құқықтық квестіне қатысты. Оған облыстың қала және аудандарынан келген он команда қатысты. Іс-шара «Құқық тәртібі әліппесі» жобасы аясында ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындаған «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жұмысының бір бөлігіне айналды.

Дәстүрлі дәрістер мен дөңгелек үстелдердің орнына қатысушыларға құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысымен тәжірибе жүзінде танысу мүмкіндігі ұсынылды.

Құқықтық квестке қатысушылар алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйледі.

— Биыл қазақстандықтар референдумда жаңа Конституцияны қабылдап, маңызды таңдау жасады. Оның басты қағидаттарының бірі – «Заң және тәртіп» идеологиясы. Бұл – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның берік негізі. Бүгінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Заңды білу ең алдымен өз әрекеттері мен қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілікті түсінуден басталады. Дәл осылай әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алатын ортасы қалыптасады, — деді Әлібек Әлденей.

Орталық саябақта өткен ашылу салтанатында полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы

мен кинологиялық қызметінің көрсетілімдері ұйымдастырылып,

арнайы техника көрмесі қойылды.

— Біздің мақсатымыз – азаматтардың тыныштығын күзетіп, адамдардың өмірін сақтап жүрген қызметтердің күнделікті еңбегін көрсету. Бәлкім, бүгінгі іс-шара сіздердің болашақ мамандық таңдауларыңызға ықпал етер, — деді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров та атап өтті.

– Қазіргі жас буын өз құқықтарын біліп қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де терең түсінуі қажет. Заңды сақтау – азаматтық кемелдіктің және құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші, – деді ол.

Жеребе тартылғаннан кейін командалар тақырыптық бекеттер бойынша сапарға шықты.

Алғашқы аялдама – «Құқық тәртібі аумағы» бекеті болды. Мұнда қатысушылар полиция қызметінің жұмысымен жақыннан танысты.

Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында жастарға болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау үдерісі көрсетілді.

Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде және жедел-құтқару жасағында олар құтқару техникасымен танысып, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгерді.

Сондай-ақ тағы бір бекетте жедел жәрдем қызметінің мамандары алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйретті. Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері мен әскери қызметтің ерекшеліктері туралы ақпарат берілді.

Квест қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, заң мен тәртіпті сақтау жолындағы жеке жауапкершіліктің маңызын терең түсінуге ықпал етеді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған