Елдос Сметовке тағы бір көліктің кілті табысталды
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратынша, аудан жұртшылығы спорт саңлағын Құлан ауылының батыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Қонақтардың құрметіне ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық нақышта киінген қыздар дәм ұсынды. М. Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары құландықтардың әнұранына айналған — «Келші, Құланға» әнін әуелете шырқады.
«Олимпиада чемпионын қарсы алу рәсімі көліктердің салтанатты шеруіне ұласты. Ауылдың атқа мінген жастары бұл бастаманың ортасынан табылып, шерудің ажарын ашты. Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында жалғасты. Мұнда 2 мыңнан астам аудан тұрғыны Елдос Сметовті ыстық ықылас, зор қуанышпен күтіп алды»,- делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтау сөз сөйледі. Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке жерлестерінің атынан автокөлік мінгізіп (Haval М6), спортшының ата-анасы мен жеке бапкеріне құрмет көрсетті.
Бұған дейін олимпиаданың алтын жүлдегері Сметовке және оның жеке жаттықтырушысына пәтер мен автокөлік кілттері табысталған болатын.