Елеусіз қалған ер тұлға

By admin Май 31, 2022

Ат-баба аңсаған тәуелсіздікке жеткенше ұлтымыздың басынан жауыңа да тілемес түрлі нәубеттер өтті. Сорақысы қырғынның бәрі адам қолымен жасалды. Талай саңлақтар тар заманның тепкісінен жастай мерт болды. Ел күткен егемендік жетіп, еңсеміз тіктеліп, жау атанған ата-бабаларымызды ақтап ала бастадық. Еленгені електен өтіп, өз деңгейінде насихатталып жүр. Елеусіз қалғандары да қаншама. Осындай елеусіз қалған Әнесов Ғұбайдолла жайы естулеріңіз бар ма?  Жасынын жасындай жарқыраған Ғұбайдолла бабамыз небәрі 19 жасында атылып кеткен. Тіпті архивтерде бірде-бір фотосуреті де қалмаған.



Қазақстанда Кеңес өкіметінің қалыптасуы қанды қырғын арқылы жүзеге асқаны белгілі. 1920-40 жылдар аралығында халқымыздың жартысын қырған жасанды ашаршылық болды. Саяси қуғын-сүргін ұлт зиялыларын толығымен жойды. Большевиктердің алуан түрлі қиянатына қарамастан, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрес II дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін созылды.

Соғыс жылдарында да ұлттық мүддеге қарсы саяси қуғын-сүргін жалғасын тапты. 1941 жылдың маусымынан 1945 жылдың маусымына дейін «қазақ ұлтшылдығы» белгілері бойынша 300-ден астам адам қамауға алынды.

1941 жылы желтоқсанда Орал қаласында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын ұлтшыл жастардың ұйымы (1940 жылы құрылған қазақ халқын қорғаушылар одағы) құрылды, кейін ондағы 14 адам қамауға алынды. Ұйым жетекшісі-Әнесов Ғұбайдолла, оның мүшелері Бажекенов Елдес, Молдағалиев Сейітқали, Ахметов, Нұралин, Насыров және тағы аты беймәлім жандар болды.

Ұйымға мүшелері жасырын баспахана құрып, мүшелік билеттерді басып шығарды. Ұйым мүшелерінің негізгі міндеттері мүшелік билеттердің ішкі жағына басылды. Олар:

1) Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып, тіл мен мәдениетті теріс ойлы араңдатушылардан сақтау;

2) Ұйымның әр мүшесі өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындауы тиіс;

3) Ұйымға мүше әр азамат жаңа мүшелерді тартуы тиіс;

4) Қазақ халқының толығымен еркін болуын талап ету керек.

«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» құрамына, негізінен, қазақ жастары кірді. Одақ мүшелері Кеңес мемлекеті саясатының нәтижесінде жойылудың азақ алдында тұрған қазақ халқын озбырлықтан, қудалау мен аштықтан және саяси қуғын-сүргіннен қорғауды мақсат етті.

Өкінішке қарай, жасырын ұйым жұмысы әшкереленгеннен кейін ұйым басшысы — 19 жасар Әнесов Ғұбайдолла ату жазасына кесілді, ал қалған 14 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың көпшілігі лагерьлерде азаппен көз жұмды.

Ақниет ЫСҚАҚ

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *