Көршіні сыйлаудың мәнін білесіз бе?

Просмотров: 55

Жергілікті тұрғындар жаңа қоныстанушыларды үйіне шақырып, ерулік ас берген.

Ерулік – жаңадан көшіп келген көршілерді үйге шақырып, дастархан жайып, қонақ қылу дәстүрі. Тұрғылықты ауыл тұрғындары жаңа қонысқа көшіп келген отбасы сол ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласып кетуін ойлап, барынша көмек берген.
Көшпелі қазақ халқы шұрайлы қоныс табу үшін ұзақ жол жүрген. Алыстағы мекенге жеңіл жету үшін азық-түлік алмаған. Көшіп бара жатқан үй ұзақ жолдан шаршаған кезде, тынығу үшін жолдағы ауыл жанына аялдайды. Мұндай аялдауды «еру» дейді. Барлық ауыл болып жаңа қоныс иелерін қарсы алып, жүгін түсірісіп, киіз үйін тігісіп, отын-суын әкелген. Атына жем-суын беріп, адамдарға дәм ауыз тигізген. Оларды бала-шағасымен қоса кезек-кезек үйіне шақырып, көрші-көлемді таныстырып, ерулік ас берген. Балалар бір-біріне үйренісіп, бір үйдің балалары секілді өскен.
Ерулік асы қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен, қазы-қарта, жал-жаядан пісірілген. Тіпті жаңа көршілерге қой сойған. Көшіп келгендер жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ секілді тұрмысқа қажет заттарды сыйлаған.
Ерулік беру дәстүрі адам мен адамды жақын етеді. Ертеде малшылар жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп жүрсе де, қоныстанған жерінен жақын адамдар тауып, бауырмал дос болған. Қазір бұл дәстүр ұмытылып барады. Қалада көпқабатты үйдің тұрғындары бір-бірін танымайды, көршілерінің кім екенін де білмейді. Ауылда да, қалада да жаңа көршілерін шақырып, ерулік беретіндер некен-саяқ.
Қазақ халқы «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп, қатар қонған көршісін ерекше құрметтеген. Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көрші артық деп бекер айтпаса керек. Көрші туралы мақал-мәтелдер:
Жақсы көрші тапқаныңМол олжаға батқаның.
Көрші қолайлы болса, қора кең.
Көрші де көршіден тәлім алады.
Қоңсы тату болса – құт.
Көршімен татудың көңілі тыныш.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған