«Meta» әлемде тағылымдама алды

0
91

Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Темірлан Нұрлігенов (қазіргі таңда Қазақстан-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті) «Facebook (Meta)» компаниясының лондондық кеңсесінде тағылымдамадан өтті. Үш ай бойы жас жігіт дүниежүзілік компанияның ішкі жұмыстарымен танысып, IT саласында тәжірибе жинады.

Темірлан Нұрлігенов NIS-ті 2020 жылы бітірген. Ерте жастан бастап математикаға ерекше қабілетін көрсете білген. Мектеп қабырғасында бірнеше рет нақты ғылымдар бойынша республикалық, халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Қазір ол – Қазақстан-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті. Оқудағы жетістіктерінің арқасында «Meta» компаниясында тағылымдамадан өтті.

– Тағылымдама кезінде мен команданың жұмысын жеңілдетуге бағытталған ішкі құралды әзірлеумен айналыстым. Бұл тәжірибе маған өзімді үлкен компанияның мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік берді, ол маған өзіме деген сенімділікті нығайтуға, осы бағытта әрі қарай дамуға көмектесті, – деп бөлісті Темірлан.

Оқумен қатар жас жігіт «Kaspi» компаниясында әзірлеуші болып жұмыс істейді.

IT ғылымына қызығушылық танытқан оқушыларға Темірлан қазірдің өзінде қажетті дағдыларын дамыта бастауға кеңес береді.

– C++, Java, Python сияқты бағдарламалау тілдерінің негіздерін білу үлкен плюс болады, – деді ол. – Тағылымдамадан өту және бәсекеге қабілетті болу үшін алгоритмдер мен деректер құрылымын зерделеу қажет. LeetСode және Сodeforces пайдалы ресурстар болады. Барлық оқушыға менің кеңесім – қызықтыратын саланы анықтау және мамандандырылған пәндерге ерекше назар аудару, кәсіптер нарығын зерттеу және таңдау жасау қажет.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь