Олимпиада: бақ шапты ма, бап шапты ма?

Просмотров: 32

Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары осы күнде жалғасуда. 26 шілде күні басталған жарыстардың басты қаһарманы 11 тамызға дейін жалғасады. Әзірге Қазақстан қоржынында 1 алтын мен 2 қола бар. Үкілеген үміт арқалаған спортшыларымыздың бір парасы жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Толығырақ тарқатсақ.

Елдос ерледі!

Дзюдодан доданың алғашқы күнінде араласып 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Қазақстандық балуан Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанды.
Сметов жарыс жолында нигериялық Юсеф Қасимен, украиндық Литвинов Ярославпен, үздік 8 раундта кореялық Ким Вон Жинмен, жартылай финалда италиялық Гидронио Гарридпен күш сынасты. Ал финалдық белдесуде жапондық Наохиса Такатоны жеңіп, Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.
Елдос Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан алтын алған алғашқы қазақ. Әйгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіровтың арманын орындап, Олимп шыңына көтерілді. Сонымен қатар, ол үш олимпиаданың жүлдегері атанғанын да айта кеткен жөн. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада күміс медаль, 2020 жылы Токиода өткен Олимпиадада қола медаль алған болатын.
Бұл Елдос үшін соңғы Олимпиада болғанын да айта кеткен жөн. Ол спорттық мансабын аяқтау туралы ойда болған көрінеді. Бірақ, әкесі аңсаған арманы – Олимпиада чемпионы болуға бірнеше қадам ғана қалғанда, асығыс шешім қабылдамау қажет екенін айтып, тоқтау салған. Сол демеу мен қолдаудың нәтижесінде биік межеге қолжеткізді. Қуанған жанкүйерлерінің бірі спортшыға 100 бас жылқы атап, мәрттік қылғанын да айта кеткен жөн.

Алғашқы жүлде – қола

Ислам Сәтпаев пен Александра Ле пневноматикалық винтовкамен оқ ату бәсекесінде Германия құрамасын жеңді.
Алғаш рет олимпия ойындарына қатысып тұрған Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түсті.
Сүйінші, ардақты ағайын! Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесі қоржынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінде мергендеріміз — Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдегері атанды! Баршаңызды осынау айтулы нәтижемен шын жүректен құттықтаймын! Мергендеріміз қола жүлде үшін таласта Германия өкілдерін айналып өтті. Олардың жеңісті жолы басқа отандастарымызға да жұғысты болсын! Мергендеріміз алдағы уақытта да жанкүйер қауымды қуантады деп сенемін. Өйткені олардың мүмкіндігі жоғары. Бұл жетістік аталған спорт түрінің бізде елде қарқынды дамып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Мергендеріміз мүлт кетпесін! Тілектеспіз! »— деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, біздің мергендер ертеректе іріктеуде 630.1 ұпай жинаған. Ислам мен Александра дуэті – былтыр Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Ғұсман қола қанжығалады

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, жерлесіміз ширек финалда француз балуанын жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын. Алайда, финалға шығар жолда ол бразилиялық дзюдошы Виллиан Лимадан жеңілді. Үшінші орын үшін болған белдесуде Ғұсман серб Страхина Бунчичпен татамиге шығып, вазари әдісімен жеңіске жетті.
Олимпиаданың қола медалі – Ғұсманның карьерасындағы ең үздік нәтиже. Ол – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.
Қазақстан дзюдошылары болса Париж Олимпиадасында ел қоржынына бір алтын, бір қола медаль салып отыр.

Боксшылар үмітті ақтай ала ма?

Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшылардың өнеріне көңілі толмайтынын айтты.
Боксшы бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Жігіттердің физикасы өте нашар. Екінші раундта тыныс алуы қиындап, рингте әзер жүр. Соққылары тым аз. Сериялық соққылар тіпті аз. Үш минутта қанша соққы жасауға болады? Физикамен айналысады деп арнайы шақыртылған мамандар қайда қарап жүр? Жалпы ғылыми топ мүшелері қайда? Неге біздің боксшыларға шаршы алаңда дем жетпей қала береді? Неге үш раундта аяққа тұра алмайды? Бәрің шұбырып не істеп жүрсіңдер? Сосын тағы бір сұрағым бар: әрбір боксшы лицензия алғаннан кейін Олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен Бейжің Олимпиадасына дейін жарты жылда 22 кездесу өткіздім. Ал бас бапкерге айтатын сөзім жоқ», – дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетейік, бүгін Париж Олимпиадасында бокстан 57 келіге дейін салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. Ол испаниялық Хосе Кулес Бротостан айласын асыра алмады.
Сонымен қатар Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиадада бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жарыс жолын аяқтады.
Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды.

Рыбакина кешірім сұрады

Төрткүл дүниенің дүбірлі додасына санаулы сағаттар қалған кезде жарысқа қатысудан бас тартқан, Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина ел халқына үндеу жолдап, кешірім сұрады. Ол өз сөзінде жағдайының қаншалықты қиын болғанын жеткізуге тырысты.
«Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым! Сіздерге Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаныма өзімнің қаншалықты ренжігенімді және өкінетінімді айтып хабарлаймын. Мен командамен бірге белсенді дайындалдым, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқаттанып қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды», – дейді Елена Рыбакина.
«Барлық қазақстандық жанкүйерлерден ақталмаған үміттеріңіз үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп дайындалдым және медаль алғым келді. Токиода өткен Олимпиадада мен медаль алуға өте жақын болдым және медаль алу менің үлкен мақсатым болып қала берді. Мен жақын арада кортқа шыға аламын деп үміттенемін. Барлық отандастарыма алғысымды жеткізгім келеді, өйткені әлемнің қай түкпірінде ойнасам да сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер. Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын. Көп рахмет және кортқа жақын арада ораламын деп үміттенемін», деп жазды Елена.
Елена Рыбакинаның Олимпиадаға қатыса алмауы қазақстандық жанкүйерлер үшін үлкен өкініш болды, бірақ оның денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс. Оның жанкүйерлеріне арналған сөздері қолдаудың маңыздылығын және өзінің алдағы уақытта спортқа қайта оралуға деген үмітін білдіреді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған