Президенттің көлік-логистика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары: Үкімет порттарды, әуежайларды және вокзалдарды жаңғыртуға көшуде
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша міндеттер шешімін табуда. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалды. Көлік министрлігі, әкімдіктер мен компаниялар бекітілген іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етсін,
— деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қоса, Ішкі істер министрлігіне цифрлық технологияларды қолдана отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейту, Оқу-ағарту министрлігіне жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыру тапсырылды.
