Құрылтай сайлауы: жаңару жолындағы маңызды саяси қадам

Просмотров: 9

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқан елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Себебі Құрылтай – еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған институт.

Сайлаудың басты ұраны – «Жаңару үшін дауыс бер!». Бұл үндеу әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, саяси процеске белсенді қатысуына шақырады. Өйткені сайлау – халықтың өз таңдауын білдіріп, мемлекеттің даму бағытына ықпал ететін ең маңызды демократиялық тетік.

Құрылтай депутаттары 5 жыл мерзімге сайланады. Жаңа құрамға партиялық тізім бойынша 145 депутат кіреді. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

Депутаттыққа Қазақстан Республикасының 25 жасқа толған, ел аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұрып жатқан азаматы үміткер бола алады. Сонымен қатар партиялық тізімдерде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне ерекше назар аударылады. Олардың жиынтық саны тізімге енгізілген адамдардың кемінде 30 пайызын құрауы тиіс.

Бұл талаптар саяси өкілдіктің ауқымын кеңейтіп, қоғамның әртүрлі топтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік береді. Ал партиялық тізімдегі кандидаттарды орналастыру тәртібін саяси партиялардың өздері дербес айқындайды.

Алдағы сайлау – тек депутаттарды таңдау ғана емес, елдің жаңару бағытын қолдау, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және азаматтық белсенділікті күшейту жолындағы маңызды қадам. Сондықтан әрбір сайлаушының дауысы ел болашағы үшін айрықша мәнге ие.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған