Сайлаушы нені білуі керек?
Дауыс беру күні әр азаматтың тіркелген мекенжайында болуы әрдайым мүмкін емес. Іссапар, басқа елді мекенге сапарлау немесе уақытша тұрғылықты жерін ауыстыру сайлауға қатысудан бас тартуға себеп болмауы тиіс.
Заңнамада сайлаушыға нақты жүрген жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін азамат алдын ала өзінің тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына хабарласып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуы қажет.
Куәлікті алу кезінде жеке куәлік немесе паспорт ұсынылады. Құжат берілгеннен кейін сайлаушының тіркелген жеріндегі тізімге тиісті белгі қойылады.
Бұл ретте бір маңызды шектеуді ескерген жөн. Егер сайлаушы бір елді мекеннің аумағында қала отырып, басқа сайлау учаскесінде немесе өзге сайлау округінде дауыс бергісі келсе, оған есептен шығару куәлігі берілмейді.
Құжатты алудың белгіленген мерзімі де бар. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады. Сондықтан бұл мәселені соңғы сәтке қалдырмаған дұрыс.
Сайлау күні азамат өзі жүрген жердегі сайлау учаскесіне барып, есептен шығару куәлігі мен жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі керек. Құжаттар тексерілгеннен кейін учаскелік комиссия оны сайлаушылар тізіміне енгізеді. Осылайша азамат өзінің дауыс беру құқығын пайдалана алады.
Сайлау үдерісіне қатысты қажетті ақпаратты қашықтан да алуға мүмкіндік бар. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлау туралы мәліметтерді өзінің ресми интернет-ресурсында жариялайды. Сонымен қатар дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі жөніндегі түсіндірулерді аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларынан алуға болады.
Даулы жағдай туындаған кезде сайлаушы өз құқықтарын қорғау жолдарын да білуі қажет. Егер азамат сайлау барысында заң талаптары бұзылды деп есептесе, жоғары тұрған сайлау комиссиясына, сотқа немесе прокуратура органдарына жүгінуге құқылы. Шағым беру мерзімі – заң бұзушылық орын алған күннен бастап он күн.
Демек, дауыс беру күні тіркелген мекенжайда болмау сайлауға қатысу мүмкіндігінен айыра қоймайды. Ең бастысы – қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеп, дауыс беру тәртібін біліп алу.
Сайлауға қатысу – әр азаматтың жеке таңдауы әрі конституциялық құқығы. Ал сол құқықты толық пайдалану үшін сайлаушының ақпараттан хабардар болғаны маңызды.
