Студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер: КарИУ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

Просмотров: 12

Қарағанды индустриялық университеті халықаралық байланыстарын нығайтып, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыруда. 21 мамыр күні университетке Әзірбайжан техникалық университеті басшылығы ресми сапармен келді. Делегацияны университет ректоры, профессор Вилаят Валиев бастап келді. Делегация құрамында сондай-ақ Өнеркәсіптік дизайн және технологиялар институтының директоры, профессор Манафаддин Намазов және Қорғаныс технологиялары және киберқауіпсіздік институтының директоры, доктор Рахид Алакбарли болды.

Қонақтар университет музейін аралап, кафедралардың материалдық-техникалық базасымен және заманауи зертханалардың жұмысымен танысты. Erasmus+ жобасының GREEN DEAL CENTER орталығы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мұнда тұрақты даму мен экологиялық білім беру саласындағы халықаралық бастамалар жүзеге асырылуда.
Ғылыми кеңес отырысы барысында тараптар академиялық ұтқырлық мәселелеріне — студенттер алмасуға, оқытушылардың тағылымдамаларына, бірлескен ғылыми зерттеулерге және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ерекше назар аударды.
Бүгінде академиялық ұтқырлық жоғары білімді дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналуда. Студенттер үшін бұл халықаралық тәжірибе жинақтауға, жаңа білім беру тәсілдерімен танысуға, кәсіби және мәдени көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал оқытушылар үшін — бірлескен зерттеулерге қатысу, тәжірибе алмасу және заманауи білім беру тәжірибелерін енгізу мүмкіндігі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша университеттер одан әрі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, Қазақстан мен Әзірбайжанның студенттері мен жас ғалымдары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.
Сондай-ақ іс-шараға «Әзірбайжандар қауымдастығы» РҚБ филиалының төрағасы Абишов Ширван Пишан-Оглы қатысты. Ол халықтар арасындағы достықты нығайтуға, әзірбайжан мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттауға және өңірдегі қоғамдық бастамаларды дамытуға бағытталған ұйым қызметі туралы айтып берді.
ҚарИУ-де халықаралық ынтымақтастықты дамыту бүгінгі таңда заманауи мамандар даярлаудың маңызды бөлігі екені атап өтілді. Мұндай кездесулер — жай ғана ресми сапар емес, бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыруға және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған нақты қадамдар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған