Теміртауда балабақшаға ішімдік ішіп келген тәрбиеші жұмысынан айырылды

Просмотров: 19
Теміртауда балабақша тәрбиешісі жұмысқа мас күйде келіп, сәбилерге мінез көрсеткен. Сол үшін өзі ғана емес, аталған балабақша директорының міндетін атқарушы да жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды 247media.kz

Қызметтік тергеу қорытындысымен әлеуметтік желідегі «Патриот» арнасы бөлісті.

30 қыркүйекте «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі орташа масаң күйде жұмысқа келген. Балалармен қарым-қатынас кезінде әйел агрессия танытып, өзін дұрыс ұстай алмаған. Бұл жағдайды полицияға аноним қоңырау шалған ата-ана хабарлаған. Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына келіп, тәрбиешіні медициналық куәландыруға алып кетті. Осылайша тәрбиешіден масаң күйдегі орташа дәрежесі анықталды.

Бұдан хабардар болған бүлдіршіндердің ата-аналары балабақшаға келіп, бейнекамердағы жазбаларды қарай бастады.

«Видеода тәрбиешінің тәлтіректеп жүргені, балалардың қолынан ұстап, оларға пижамаларын лақтырғаны көрінеді. Келесі бір кадрда полицейлер кіріп келіп, тәрбиешіні алып кетеді», делінген ақпаратта.

«Теміртау білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Халипа Жаудинова қызметтік тергеу аяқталғанын хабарлады.

«Сараптама көрсеткендей, тәрбиеші балабақшада мас күйінде болған. Ол өзінің түсініктемесінде жексенбіде қандай да бір іс-шарада болғанын, сол арада ішкенін айтты. Ал дүйсенбіде жұмысқа келген», – деді Теміртаудың бас педагогы Халипа Жаудинова.

 

Сонымен қатар, балабақша асханасынан алкоголь сусындары табылған жоқ. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тәрбиеші педагогикалық этиканы өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ, балабақша директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған