Теміртауда электросамокаттарға қатысты қырықтан астам хаттама толтырылды

Просмотров: 78

Теміртауға 500 электросамокат әкелінді. Таңсық дүние. Әп-сәтте танымал болып шыға келді. Әсіресе, жастардың қызығушылығы жоғары. Хош, сұранысқа ие дүние әкеліп, кәсіпкердің табысқа кенелгені жақсы-ақ шығар. Бірақ, қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы керек қой. Өйткені, автокөлік жүргізушілерінің жол ережесін өрескел бұзатын самокатшыларға өкпесі қара қазандай. Қарапайым жаяу жүргіншілердің реніші бар. Толығырақ тарқатсақ.

Соңғы күндерде әлеуметтік желіде автокөлік жолына шығып алып, оңды-солды ойқастап жүрген азаматтардың видеолары жиі жарияланатын болды. Одан қалса, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен, денсаулығына зақым келтіргендер де жетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа дүниеге елдің көзі әлі үйренбеді. Ал, оны тізгіндегендер ереже барын естен шығарып алғандай. Бұрнағы күні бұл мәселеге қатысты қалалық полиция басқармасының мамандары түсінік беріп, рейдке шықты.
– Электросамокаттар келгелі қырыққа жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен 4 оқиға тіркелді. Сондықтан да, тұрғындарға самокатты көлік құралы есебінде пайдаланудың өз ережесі бар екенін еске салғымыз келеді. Атап айтқанда, егер автокөлік жолымен жүретін болсаңыз, онда сізде көлік жүргізу құқығын беретін куәлік болуы керек. Сонымен қатар, каска киіп, қорғаныш құралдарын пайдалануыңыз қажет. Егер кешкі уақытта жолға шықсаңыз, үстіңізде жарық шағылыстыратын киім болғаны жөн, – дейді қалалық ПБ ППБ батальонының командирі Әсет Бұланбаев.
Заң бойынша электр самокаттардың жолда жүру ережесі шектеледі. Электр самокаттары көлік құралы деп танылды. Қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек. Электр самокат мінгендерге велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз қозғалуға болады. Ал, жаяу жүргінші жолында қозғалысы сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар, автобус жолағын қоса алғанда, автокөлік жолының жүріс бөлігінің оң жақ шеткі жолағымен жүруге ғана рұқсат беріледі.
Ескеретін маңызды дүние, қазір балалардың көпшілігі мопет немесе басқа да жеңіл көлік құралдарына тым әуес болып кетті. Баласын жұрттан қалдырмаймын деген ата-аналар, перзентінің қалауын орындауға құштар. Кейде мұндай «жанашырлықтың» соңы «ботам-айлап» қалған қасіретке де ұласып кететін есткен шығармаңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған