Теміртауда коммуналдық кәсіпорын мен мердігер арасында жанжал туындады
«Еуразияның бірінші арнасы» ақпаратына сүйенсек, мердігер ұйым өткен жылы қалада жылу трассасын жөндеген, алайда жұмысшыларға өз еңбектері үшін ақша төленбеген. Жақында олар жалақыларын тек 2030 жылы алуы мүмкін екенін естіп, наразылықтарын білдірді.
Екі айдың ішінде жұмысшылар 3 км-ден астам желіні ауыстырды. Барлығы мерзімінде тапсырылды. Жұмыстың жалпы құны шамамен 120 млн теңгені құрайды, бірақ мердігерге тек 27 млн теңге төленді. Жұмысшылар қыркүйек айынан бастап ақшаларын күтуде.
«Маған «Оқжетпес» атқарған жұмысым үшін 2,5 млн теңге қарыз. Әрине, маған қазір ақша жетіспейді. Мен коммуналдық төлемді төлемедім, сол үшін осы «Оқжетпес» компаниясы мені сотқа берді, ал негізінен мен олардың кесірінен ақшасыз қалдым»,-дейді дәнекерлеуші Темірбек Оралбаев.
Жұмысшылар 2025 жылдың қаңтар айында «Оқжетпес» компаниясы банкроттықты оңалту рәсіміне өтініш бергенін білді. Бұл жұмысшыларды борышкерді сотқа беру мүмкіндігінен айырады, өйткені оңалту рәсімі «Оқжетпеске» кредиторларға қарыздарын төлемеу құқығын береді.
«Ақшаны тек 2030 жылы аласыңдар дейді. Себебі банкроттықты оңалту рәсімі бес жылға созылады екен», – деді мердігерлік ұйымның техникалық директоры Вадим Матвеев.
27 ақпанда жұмысшылар борышкер компанияның ғимаратына жиналып, есігін қанша қақса да ешкім келіп ашпаған.Бұған дейін Батыс Қазақстанда сиыр етінің бағасы шарықтағаны хабаланған болатын.