Тоқаев Ресей мен Украина қақтығысы туралы: Келіссөз арқылы бейбітшілікке ұмтылу – стратегиялық көрегендік

Просмотров: 21
2024 жылдың 17 қазанында мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды 247media.kz

Президент Қазақстан халықаралық форумдарда, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың мүддесін қорғауды жалғастыра беретінін жеткізді.

«Біз халықаралық жүйенің мейлінше инклюзивті және орнықты болғанын қалаймыз. Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде тұрмыз. Әріптестерімізбен және серіктестерімізбен бірге әрекет ету арқылы болашақ әлемнің келбетін қалыптастыруға атсалыса аламыз. Халықаралық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде біздің жай ғана бақылаушы болғымыз келмейді. Керісінше, анағұрлым теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтыламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

«Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі», – деді Президент.

2024 жылғы 16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен келіссөздер барысында оның өтініші бойынша Украина төңірегіндегі жағдайды реттеу туралы айтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған