Жәрмеңкеде баға арзан
Теміртауда жыл сайынғы дәстүрге айналған «Ауыл береке-2024» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі биыл да сән-салтанатымен ұйымдастырылды. Сауда-фермерлік орталық «Экспресс» аумағында өткен шарада тұрғындар қажетті азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан төмен бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңкеге Абай, Бұқар-Жырау, Осакаров аудандарынан және Қарағанды мен Теміртау қалаларынан келген шаруалар өнімдерін ұсынды. Теміртау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айғаным Исенова атап өткендей, жәрмеңкедегі көкөніс пен ет өнімдерінің бағасы орташа нарықтан 10-15% төмен болды. «Мұндай жәрмеңкелер қысқа қор жинап, өнімді тікелей өндірушілерден алу үшін халыққа үлкен қолдау», – дейді ол.
Шара барысында тұрғындар сиыр, шошқа және жылқы етін, сондай-ақ жұмыртқа, көкөніс, жеміс-жидек, жаңғақ, консервілер, бал өнімдерін молынан сатып алды. Жәрмеңкеде ұсынылған азық-түліктердің жалпы көлемі 1,5 тонна сүт өнімдері, 15 тонна ет пен тауық еті, 16 тонна көкөніс және басқа да тауарларды құрады.
Жәрмеңкеге әлеуметтік маңызы бар бастамалар да қолдау көрсетті. Әйелдерге сүт безі қатерлі ісігіне қарсы көмек көрсетумен айналысатын «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры қалалық мүгедектермен жұмыс бөлімімен бірлесіп, экологиялық шопперлер тікті. Қор өкілі Марина Бошельдің айтуынша, шопперлердің сатылымынан түскен қаражат толығымен қорға аударылады. «Экологиялық тұрғыдан да тиімді әрі пластикалық пакеттерді азайтуға үлес қосады», – деді ол.
Жәрмеңкенің сәнін келтірген мәдени шаралар да халықтың көңілінен шықты. Теміртау қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары жәрмеңке қонақтарына әсем ән мен күй ұсынып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Өз тілшімізден