Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу
Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Онда өңірлерді жедел дамытудың заманауи тетігі белгіленген. «Жедел дамитын қала» мәртебесін де, арнайы құқықтық режимді енгізу де маңызды жаңалық болып отыр.
Еліміздің экономикалық өсуінің алғашқы осындай бірегей алаңы мен жаңа орны Алатау қаласы болмақ. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық Заң ауқымды жобаның құқықтық негізін қалайды. Жаңа мәртебенің арқасында Алатау өзінің институционалдық құрылымы бар дербес экономикалық экожүйеге ие болады. Ол 12 ай ішінде кезең-кезеңмен енгізіледі. 1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік органға айналады. Ал қаланың дамуын стратегиялық басқару Премьер-министрдің тікелей төрағалығымен Кеңеске өтеді.
Алатауда халықаралық инвесторлар үшін түбегейлі жаңа орта құрылады. Қаланың арнайы режимі бойынша бизнесті жүргізуде орнықты жағдай, жеке лицензиялау тәртібі, «бір терезе» қағидатымен тәуелсіз реттеу және капиталды қорғаудың халықаралық тетігі қолданылады. Қала аумағында үздік әлемдік стандарттармен толықтырылған арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим де жұмыс істей бастайды. Жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қолдауымен жыл соңына дейін сәулет, құрылыс және қадағалау жөніндегі нормативтік база қалыптастырылады.
Алатауды стратегиялық жоспарлау алдағы онжылдықтарға есептелген. Қазір 30 жылдық ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспар және 2040 жылға дейінгі стратегия әзірленіп жатыр. Қаланың өзі ақылды және технологиялық тұрғыда болады: Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы жобаланып жатыр. Оның құрылысын корейлік әзірлеушілер 2027 жылы бастайды. Процестерді басқаруда Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы шеңберінде жасанды интеллектке толықтай сенім беріледі. Ол қаланың толыққанды цифрлық егізін құруға арналған.
Мегаполистің экономикалық іргетасы үдемелі қарқынмен қалануда. Қолданыстағы жол картасында қазірдің өзінде 36 ауқымды инфрақұрылымдық жоба қамтылған. Сонымен қатар, жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық 53 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Бұл шамамен 51 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
