ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ  

Просмотров: 18

Теміртауда жас кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды оқиға өтті.  Биыл 30 азаматқа кәсіп бастауға және бар бизнестерін дамытуға қала әкімінің гранты  табысталды. Грант сомасы да қомақты. Әр жас кәсіпкерге 2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Енді олар бұл қайтарымсыз қаражатты бизнесін өркендетуге жұмсай алады. 

Идеясы бар, бірақ бизнес ашуға бастапқы капитал таппай жүрген жастар үшін бұл ерекше қуанышқа толы күн болды деуге болады. Дәстүрге айналған әкім грантын алуға биыл 139 азамат өтінім берген. Олардың 131-і талапқа сай деп танылып, байқауға жіберілді.

Әкім грантын табыстау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқыда өтінім берушілерге кәсіпкерлік негіздері, бухгалтерлік есеп және бизнестің басқа да қыр-сырлары бойынша білікті мамандар арнайы сабақтар өткізіп, бағыт-бағдар берді. Осы дайындық барысында жастар өз идеяларын қағазға түсіріп, арнайы құрылған қазылар алқасына ұсынды. Олар өз жобаларын барынша қорғап, іске асыруға деген құлшыныстарын көрсетті.

Қазылар алқасының төрағасы, кәсіпкер Наталья Арыстанова:

«Биыл әкім грантына өтінімдердің саны өте көп болды. Барлығы 139 өтінім түсіп, оның тек 30-ы іріктелді. Бұл оңай жұмыс емес. Өкінішке орай, қайталанатын өтінімдер де кездесті. Сондықтан ең үздік, ең инновациялық және эксклюзивті жобаларды таңдауға тырыстық. Әр жоба тек кәсіпкер үшін ғана емес, қаламыз үшін де маңызды болуы керек деп есептейміз», – деп атап өтті.
Биыл грант иегерлері қоғамдық тамақтану, спорт, шығармашылық, өндіріс және әлеуметтік салаларды қамтитын жобаларды ұсынды. Бұл жобалар тек өз ісін дамытуға ғана емес, Теміртау қаласының дамуына үлес қосуға бағытталған.

Кәсіпкер Сабина Мұхамедина өз жобасында балықтан жасалған фастфуд идеясын ұсынды. Оның айтуынша, бұл өнім пайдалы, бірақ оны үй жағдайында дайындау қиын. «Гранттың арқасында біз арнайы орындар ашып, келушілерге қызмет көрсетуге мүмкіндік аламыз», – дейді ол.
Тағы бір жеңімпаз Сабина Киселева қазақ этностиліндегі үйлену тақырыбындағы фотосессиялар ұйымдастыру идеясымен көзге түсті. «Қарағанды облысында мұндай бағыттағы студиялар жоқ. Сондықтан бұл идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын», – деп бөлісті ол.
Ал Айым Талғатқызы дыбыс жазу студиясын ашуды жоспарлап отыр. «Мен кәсіби әнші ретінде өнер саласында жүрмін. Қаламызда сапалы дыбыс жазу студиясы тапшы. Ән жазу үшін басқа қалаларға баруға тура келеді. Енді, гранттың арқасында, Теміртауға заманауи жабдықтары бар студия ашуды жоспарлап отырмын», – дейді Айым Талғатқызы.

Грант жеңімпаздары үшін бұл тек алғашқы қадам. Енді олар үш ай ішінде қаржыны мақсатты түрде игеріп, нәтижелері туралы есеп беруі керек. Сонымен қатар, комиссия бір жыл бойы жобалардың жүзеге асырылуын бақылап отырады.

Теміртауда осындай бағдарламалар арқылы жас буынның шығармашылық әлеуеті ашылып, олардың жаңа бастамаларына қолдау көрсетілуде. Бұл гранттар – тек қаржылай көмек емес, сонымен қатар жастарға деген сенімнің көрінісі. Жас кәсіпкерлер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуына өз үлестерін қосары анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған