2025 жылдан бастап облыс орталықтарының әкімдері сайланады

Просмотров: 17

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауынан әкімдерді тікелей сайлау үрдісі жалғасатыны белгілі болды. Бұл жүйеге енді барлық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қосылмақ. Қоғамда саяси қадамның мән-маңызы, сайлаудың тиімділігі тұрғысында пікір алуан. Ел көкейінде «сайлау жүйесі тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешуге қаншалықты әсер етеді?», «саяси институттар мемлекеттік басқару құрылымындағы кадрлық өзгерістің қандай алгоритмін ұсынады?» деген сауал жүр. Осы орайда Kazinform тілшісі жергілікті мемлекеттік басқаруды жетілдіретін заманауи форматты бағамдап көрді.

Ауылдан басталған реформа

Ауқымды өзгерістің шындығы сол, бұл – шым-шымдап енген өзгеріс. Қазақстанда әкімдерді сайлау тарихы 1999 жылы басталғанымен, кейін тұралады. Тіпті 2013 жылға дейін ауыл әкімдерін сайлау жанама әдіске жүктеліп, аудан әкімі ұсынған үміткерді мәслихат депутаттары бекітетін. Тек 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгенде сең қайта жүргендей сезілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланған. Ал өткен жылы пилоттық режимде өткізілген аудан-қала әкімдері сайлауында 45 әкім жаңа тәсілмен басшылыққа келді.

– Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді,– деді Президент.

Өзгеріс ауаны 3 жыл бұрынғы заңдағы өзгеріске тиесілі. 2021 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, бастаманың құқықтық негізін қалады. Сол кезеңде саяси институттар мен қоғам заңдағы өзгеріс концепциясын жылы қабылдап, қандай өзгеріс орын алатынын болжағаны есте. Соның ішінде БАҚ-та ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әкімдер сайлауының эволюциясы, қол жеткен нәтиже турасында мәліметті бөліскен болатын. Оның сөзінше, жаңа сайлау жүйесі – Орталық Азия аймағындағы алғашқы саяси тәжірибе әрі қоғам мен билікті біріктірген идея.

– Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. 45 әкім лауазымына 125 үміткер таласты. Олардың қатарында түрлі саланың өкілдері – экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары болды. 7 саяси партияның бәрі аудан әкімдерінің сайлауында өз үміткерлерін ұсынды. 1 497 сайлау учаскесінде кандидаттар сенім білдірген тұлғалар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 8500-ге жуық адам байқау жүргізді. Өткен сайлау – Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжіриебе. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындауда, – деді ол.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде 192 аудан, 90 қала бар. Демек, саяси реформаның географиялық ауқымы кең. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық құрылым ауанын айтарлықтай өзгертеді деген сөз. Оның үстіне тікелей сайлау арқылы халықты мемлекеттік басқару ісіне араластыру, өз-өзін басқару принципін жетілдіру алдағы міндетке айналғандай. Ел-жұрт та ендігі межені білді ме, сайлаудың маңызын білуге асық.

Көптің көкейіндегі сауалды Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа жолдаған болатынбыз. Оның сөзінше, мұндай жүйе халықаралық тәжірибеге негізделген, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Керісінше, тікелей сайлаудың тиімділігі басым: әкім – тәуелсіз, халық – талаптың орындалуын бақылаушы. Қарапайым тілмен айтсақ, үміткер сайлауалды науқанда тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, шешу әдісін ұсынады. Халық сайланған әкімнің қаншалықты нәтиже көрсеткене, мәселені шешу механизміне баға беру мүмкіндігіне ие болмақ.

– Алдымен, сайланған әкімдер жоғарыдағы басшыларға тәуелді болмайды. Бұл – бірінші ерекшелік. Екіншіден, басшылыққа тәуелсіз жүйе арқылы қол жеткізген азамат халықтың мүддесін ойлайды, тұрғындардың талап-тілегін орындауға тырысады. Сол өңірдің көкейтесті мәселесін шешіп, қолдағы қаржыны өңірдің дамуына жұмсайтыны анық.

Халықтың ұтары көп. Мысалы, сайланған әкім тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, экономикалық әлеует арттыруға қызмет етпесе, бұқара халықта мәселені өзгертер тетік бар. Әкімнің жұмысына көңілі толмаса, оны орнынан алып тастауына болады. Мұндай құқық сайлау жүйесінің нормативтік ережесінде қарастырылған, – деді Ерболат Саурықов.

Алайда, әкімнің дербес шешім қабылдап, саяси ұпай жинауына кедергі жоқ емес. Депутаттың айтуынша, аудан және қала әкімдерінің бюджет саясаты тәуелсіз болуы маңызды. Сонда ғана әкім алдына қойған мақсатын, халықпен бірлесіп құрған жоспарын сапалы орындауға тырысады. Егер әкім облыстағы немесе өзге құзырлы орғандарға қаржылай тәуелді болса, айтарлықтай нәтиже күту орынсыз деген пікірде.

Үміткер: кәсіпкер, шаруа, саясаткер…

Саяси реформаның салмағы үміткерде. Нақтысы, оның білігі мен білім деңгейінде жатыр. Осы уақытқа дейін 2,5 мыңға жуық әкім тұрғындардың таңдауымен тағайындалғанын айттық. Қызығы, сайланған ауыл әкімдерінің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Сондықтан Президент мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және моральдық қасиетіне ерекше көңіл бөлу керегін ескерткен болатын. Бұл бағытта арнайы жобаның жүзеге асатын күні де алыс емес секілді.

Дегенмен қоғам «көш жүре түзеледі» деген ұстанымда. Тұрғындардың мұң-мұқтажын орындау үшін саладағы қызмет өтілі емес, жүйелі жоспары мен табанды талабы болғанын қалайтындай. Содан болар, кейінгі жылдары түрлі сала өкілі әкім болудан үмітті. Арасында саяси науқаннан сәтті өтіп, жемісті ісімен көрінген еңбек адамы да басым. Мысалы, Қызылорда облысының Жаңақұрылыс ауылының әкімі Елнұр Елшекенов әкім болып сайланғанда мемлекеттік қызметпен алғаш тоғысыпты. Ол бұрын шаруашылықта еңбек еткен. Айтуынша, елге қызмет салаға тәуелсіз.

– Елді мекен жағдайы, тұрғындарды толғандырған мәселеден хабарым бар. Халықпен кездесіп, алдағы сайлауға үміткер есебінде тіркелуге шешім қабылдадым. Ашықтық, кері байланыс нәтижесінде жеткілікті дауыс жиналды, жеңіске жеттім. 2023 жылы маусым айында ауылға әкім болып сайландым. Осылайша, көптің қолдауы қай сала маманына да мемлекттік қызметте орын барын дәлелдегендей болды, – деді ол.

Үкімет алдағы сайлауды өткізу тәртібін жүйелеп жатыр. Үміткерлерді ұсыну, сайлау науқанының қаржылық әрі құқықтық негіздерін саралауға көшкен. Демек, келер жылы жүзеге асатын саяси реформа елдің әлеуметтік әлеуетіне елеулі өзгеріс әкелетіні анық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған