Сайлауға әзірлік: әр дауыс маңызды
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына санаулы уақыт қалды. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға Теміртау қаласы қалай дайындалып жатыр? Сайлау учаскелерінде қандай жұмыстар атқарылуда? Дауыс беру күні өзге өңірде болатын азаматтар нені ескеруі қажет? Осы және өзге де маңызды сауалдарға Теміртау аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Күндаққызы Еримова жауап берді.
– Бүгінде Теміртау қаласында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық қалай жүріп жатыр?
– Дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі Құрылтай депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлығына және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалып, Теміртау аумақтық сайлау комиссиясының тұрақты бақылауында тұр.
– Қазіргі уақытқа дейін қандай негізгі жұмыстар атқарылды?
– Бүгінде учаскелік сайлау комиссияларының құрамы қайта қаралып, өзектендірілді. Комиссияның жекелеген мүшелерінің құрамнан шығуына байланысты олардың орны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес толықтырылды. Бұл сайлау науқанының барлық кезеңінде комиссиялардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп дауыс беруге арналған үй-жайларды дайындау, сайлаушылар тізімдерін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Сайлау учаскелері
қажетті құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен, құжаттармен және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етіліп жатыр.
– Әрбір сайлаушының дауыс беруге қатысуына мүмкіндік жасау үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына барынша қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта мемлекеттік органдармен келісу арқылы Qarmet кәсіпорнының аумағында екі сайлау учаскесі ашылды.
Бұл үздіксіз өндірісте еңбек ететін жұмысшыларға сайлау күні өндірістік үдерістен қол үзбей, өздері жұмыс істейтін аумақта дауыс беруге мүмкіндік береді.
– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қалай ұйымдастырылып отыр?
– Тұрғындарды ақпараттандыру Орталық сайлау комиссиясының Күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта ақпараттық материалдарға, баннерлер мен билбордтарға тапсырыс беріліп, олар кезең-кезеңімен орналастырылып жатыр. Сондай-ақ сайлауға қатысты ақпарат қаланың ситибордтарында жариялануда.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. Сайлауға дайындық барысы туралы материалдар «Вечерняя газета», «TEMIRTAU ТЫНЫСЫ», «Новый Вестник» газеттерінде жарияланып, ТТК телеарнасының эфирінен көрсетілуде.
Біздің міндетіміз – тұрғындарға сайлау науқанының барлық кезеңі, дауыс беру тәртібі және сайлау комиссияларының жұмысы туралы ақпаратты уақтылы әрі толық жеткізу.
– Дауыс беру күні тіркелген мекенжайынан тыс жерде болатын сайлаушылар нені білуі керек?
– Сайлау заңнамасына сәйкес мұндай азаматтар есептен шығару куәлігін ала алады. Куәлік сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжаты негізінде учаскелік сайлау комиссиясы арқылы беріледі. Сондай-ақ оны сайлаушының нотариат куәландырған сенімхаты бар өкілі де ала алады.
Есептен шығару куәліктері 2026 жылғы 7 тамыздан бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі.
Бұл ретте есептен шығару куәлігі бір елді мекен аумағындағы басқа сайлау учаскесінде дауыс беру үшін берілмейтінін ескерген жөн. Жоғалған куәлік қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
– Теміртау тұрғындарына қандай үндеу айтар едіңіз?
– Ең алдымен, қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Әрбір сайлаушыға өз сайлау учаскесі туралы мәліметті алдын ала нақтылап, сайлаушылар тізімінде аты-жөнінің бар-жоғын тексеруге кеңес беремін.
Теміртау аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы ұйымдасқан, ашық, жария әрі заңнама талаптарына толық сәйкес өтуі үшін барлық қажетті жұмысты атқаруда.
Әңгімелескен
Нұрлыхан Қалқаманұлы


