«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Қарағанды жастары Президент ойларынан не түйді?

Просмотров: 13

Қарағандыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан ой-тұжырымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы талқыланды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің төрағалығымен өткен кездесуге ғылым, білім, әдебиет, мәдениет, медиа және қоғамдық салалардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы, тарихшы, өлкетанушы Темірғали Аршабеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Қайырбек, журналист Нұрлыхан Қалқаманұлы, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің докторанты Аружан Қосдәулетова және өңірге белгілі басқа да белсенді азаматтар пікір білдірді.

Кездесуде жинақтағы ойлардың бүгінгі мемлекеттік саясатпен сабақтастығына баса назар аударылды. Қатысушылар Мемлекет басшысының өткен ғасырдың 90-жылдарында көтерген мәселелері мен кейінгі жылдары қолға алынған реформалардың өзара үндесетінін атап өтті.

Мәселен, адам капиталына мән беру, әділет қағидатын орнықтыру, білім мен ғылымды дамыту, азаматтық жауапкершілікті күшейту секілді бастамалар Президенттің бұрыннан қалыптасқан көзқарасының жалғасы ретінде бағаланды. Жиынға қатысушылар мұны Мемлекет басшысының саяси ұстанымындағы бірізділік пен сөзі мен ісінің сабақтастығының көрінісі деп түйіндеді.

Басқосуда әдебиеттің қоғамдық санаға ықпалы, тарихи жады, ел бірлігі, Конституция мен азаматтық жауапкершілік мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар қазақ тілін заманауи білім мен технологияның тіліне айналдыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қоғам игілігіне пайдалану, жастардың білімі мен еңбегі, ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық туралы пікірлер айтылды.

Пікір алмасу барысында әділетті қоғам құру тек мемлекеттік институттардың міндеті емес екені атап өтілді. Қатысушылар қоғамдық өзгерістің әр адамның адал еңбегінен, білімі мен кәсіби білігінен, азаматтық ұстанымы мен елге деген жанашырлығынан басталатынын жеткізді.

Кездесу соңында жастарға арналған жаңа кітапхана ашылды. Ол қарағандылық оқырмандардың кітап оқып, еркін пікір алмасуына және жаңа бастамаларды талқылауына мүмкіндік беретін коворкинг кеңістігі ретінде де қызмет етеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған