Тәуелсіздік – ұлт тарихындағы ұлы белес

Қарағандылық джиу-джитсушылар Әбу-Дабиден алтын және күміс медальмен оралды

Жігер Алматай кәсіби джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды, Ариана Байсеркеева әлем біріншілігінің күміс жүлдесін алды.

Қарағандылық джиу-джитсу шеберлері / Карагандинские мастера джиу-джитсу
Фото / Фото: Қарағанды облысы әкімдігі / акимат Карагандинской области (gov.kz)

Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship – 2026 әлем чемпионатынан Қарағанды облысының спортшылары екі медаль олжалады. Жігер Алматай кәсіби джиу-джитсудан әлем чемпионы атанса, Ариана Байсеркеева әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды.

Жігер Алматай – әлем чемпионы

Жігер қоңыр белбеу иелері арасында 85 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ол MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN академиясының намысын қорғайды және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде оқиды.

Спортшы джиу-джитсумен сегіз жыл бойы айналысып келеді. Бұған дейін ол 21 жасқа дейінгілер арасында әлем және Азия чемпионы атанған, ересектер арасындағы Азия чемпионаттарының жүлдегері, Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы.

Жігердің айтуынша, ең ауыр сын – финал болды. Ақтық белдесуде ол Grand Slam сериясының барлық турнирлерінде екі жыл қатарынан жеңіп келе жатқан португалиялық спортшымен кездесіп, тартысты айқаста басым түсті. Енді ол Қазақстан чемпионатына дайындалып жатыр.

Ариана Байсеркеева – күміс жүлдегер

Ариана OA JJ академиясының атынан шықты. Ол академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің шет тілдері факультетінің студенті. Джиу-джитсуға 15 жасынан келген спортшының есебінде ересектер мен 21 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы атақтары, спорт шебері нормативі және Еуропа мен Азиядағы халықаралық турнирлердегі жүлделер бар.

Әлем чемпионатына алтын үшін барған Ариана күміс жүлдені жеңіліс емес, спорттық жолындағы кезекті белес деп бағалайды. Оның пікірінше, мұндай деңгейдегі жарыстарда нәтижені бір ғана тактикалық шешім не болмашы қателік шешеді, сондықтан қазір ең маңыздысы – осал тұстарын анықтап, жұмысты жалғастыру.

Екі спортшы да жаңа жарыстарға дайындықты бастап кетті. Алдағы басты межелері – Қазақстан чемпионаты.

Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (gov.kz)
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Осы тақырыпта