Қарағандыда жол қозғалысын басқаруға жасанды интеллект тартылды. Жаңа тәсіл әзірге қаланың 7-магистралінде – Терешкова көшесінен Стартовый тұйық көшесіне дейінгі аралықта сынақтан өтіп жатыр. Бұл учаскеде алты бағдаршам нысаны бар.
Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий облыс әкімдігіндегі кеңесте жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Бейнебақылау камералары әр жолақтағы көлік санын есептейді, ал нейрожелі қозғалыс қарқындылығын бағдаршамдардың қазіргі режимімен салыстырып, әр учаскеге ең тиімді баптауды ұсынады.
Кептелістің себебі – бағдаршамдардың «келіспеуі»
Цифрлық модельдеу көрсеткендей, бұл бөліктегі кептелістің басты себептерінің бірі – көршілес бағдаршамдардың бір-бірімен үйлеспеуі. Мысалы, Камская көшесіндегі қиылыс пен ХМК ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелінің арасы бар-жоғы 81 метр, бірақ екеуі әртүрлі режимде жұмыс істейді. Нәтижесінде жүргізушілер осы қысқа аралықта екі рет тоқтауға мәжбүр.
Жаңа жүйе бағдаршамдарды бір ырғаққа келтіреді. Мамандардың есебінше, таңертең солтүстікке қарай жүретін көліктердің тоқтау саны шамамен үштен бірге азаюы мүмкін, ал Карл Маркс көшесінен шығатын жүргізушілердің көбі қиылыстан бір жасыл сигналмен өте алады.
Жаңа режим тек жұмыс күндерінің қарбалас сағаттарында – 07:00–10:00 және 16:30–19:30 аралығында қосылады. Қалған уақытта және демалыс күндері бағдаршамдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді.
– Цифрлық технологиялар тұрғындардың нақты мәселесін шешуге тиіс. Нәтиже компьютер экранында емес, адамдардың күнделікті өмірінде көрінуі керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Пилоттық кезең аяқталған соң жобаның нәтижесі бағаланады. Болжам бойынша, бағдаршамдарды үйлестіру қарбалас уақытта көліктердің орташа кідірісін 40 пайызға жуық қысқартады. Қазір Қарағандыдағы жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған, оның онында бейімделмелі режим іске қосылған.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі (gov.kz)
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

