Теміртаулық оқушылар автобуста тегін жүре ме?

Просмотров: 29

«Оңай» жүйесі іске қосылғалы облыс орталығы Қарағанды қаласында оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүру құқына ие болды. Ал, теміртаулық жас өрендер ше? Оларға мұндай жеңілдік беріле ме? Бұл мәселе туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде талқыланды.

Электронды төлем жүйесі қаладағы жолаушы тасымалының шынайы бейнесін көрсетіп бере алады. Сәйкесінше, оларға төленетін субъсидия да әділ болмақ. Оның ішінде, оқушыларға жеңілдетілген жолақы құнын ұсыну мәселесі де бар.
– Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының (бұдан әрі – Білім туралы заң) 47-бабының 4-тармақшасына сәйкес ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, күндізгі оқу нысанындағы барлық білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар. Білім туралы Заңның 6- бабы 4- тармағының 17- тармақшасына сәйкес облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы мәслихатқа білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы ұсыныс енгізуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев.
Жаңа оқу жылында қала мектептерінде 23992 бала білім алады. Оларды жеңілдетілген жолақымен қамту үшін 2024-2025 оқу жылының соңына дейін 330 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Ал, биыл жыл соңына дейін 135 миллион теңге керек екен.
Айта кету керек, бұл, тек, мектеп оқушыларының ғана саны. Жергілікті колледждерде білім алып жүрген кәмелетке толмаған балалардың нақты саны қанша екені әзірге белгісіз. Қала басшылығы бірінші кезекте оқушыларға жеңілдік жасауды көздеп отыр.
– 2024 жылдың сәуір айында «Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары және «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалы мамандарының қатысуымен жалпы білім беру ұйымдарынының директорларына жиын ұйымдастырылып, қала оқушыларын «ONAY» картасымен толық қамтамасыз ету мәселесі қарастырылды.
Бүгінгі таңда жалпы білім беру мекемелерінде бекітілген жауапты тұлғалармен 7-18 жас аралығындағы 16918 оқушы базаға енгізіліп, 16416 оқушыға «ONAY» картасы таратылған, 502 карта ата-аналардың міндетті төлемін (карта шығару құны 500 теңге) күтуде, – деді Самат Зияшев.
Оқушыларды жеңілдетілген төлеммен қамтамасыз ету барысында қалалық білім бөлімімен бірлестікте ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған