МАГАТЭ басшысы Курск АЭС-інде ядролық апат болу қаупі жайлы ескертті

Просмотров: 35

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Ресейдің Курск атом электр станциясын қарап шықты. Курск облысында Украина әскері алға жылжып, станцияға жақындап қалды.

Гросси инспекция қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында станция маңында «ядролық апат қаупі я мүмкіндігі» пайда болды деп мәлімдеді. Станциядағы РБМК реакторларына көлеміне байланысты сыртқы әсерлерден қорғайтын герметикалық қаптама жасамаған. МАГАТЭ басшысының айтуынша, станцияға артиллерия немесе дрон шабуылы жасалса, реактор ақсайды.

Қазір станция әдеттегіге ұқсас жағдайда жұмыс істеп тұр, бірақ бұл оның қауіпсіздігіне байланысты ахуалды одан да күрделі етеді деген Гросси, бұл жөнінде Reuters агенттігі жазды . Бұған дейін МАГАТЭ басшысы атом станциясына жақын жерде шабуыл болып жатқанына «алаңдайтынын» білдірген

Өткен аптада Мәскеу Курск атом электр станциясына Украина дроны шабуыл жасады деп хабарлаған. 17 тамызда «Росатом» басшысы Алексей Лихачев Рафаэль Гроссимен сөйлескенде Украина Курск АЭС-іне арандату дайындап жатыр деп мәлімдеп  МАГАТЭ басшысынан АЭС қауіпсіздігін бағалап кетуді өтінген. Украина атом электр станциясына шабуылға дайындық туралы айыпты ресми түрде жоққа шығарды.

Гросси журналистер сұрағына жауап бергенде «дрон шабуылы іздерін көрдім» деді, бұл туралы ресейлік ақпарат агенттіктері жазды. МАГАТЭ басшысы Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, ядролық қауіпсіздік мәселесін талқылауды жоспарлап отырғанын айтты.

Украинада ұрыс болып жатқан жерге жақын тұста Еуропадағы ең ірі Запорожье атом электр станциясы орналасқан. Ресей оны 2022 жылдың басында басып алған, қазір оны «Росатом» басқарады.

Мәскеу мен Киев бір-бірін станция айналасында ядролық қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзды және ядролық бопсаға барып отыр деп айыптаған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған