АЭС – объективті қажеттілік

Просмотров: 50

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшы­лығының күшейіп бара жат­қанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тағы да тоқталды. Ол еліміз болашағының қамы үшін салынатын атом электр стансасы туралы барынша байыпты шешім қабылдау жұртшылықпен бірлесіп қана жасалуға тиіс деген ұстанымын қайыра еске салды.

Президент таза атомды энер­гияның көзі мен оның қауіпсіз­дігі мәселесін геосаяси мүдде тұрғысынан емес, елдің нақты қажет­тілігі тұрғысынан қарастырады. Рас, АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікір айтылып та жүр, ел ішінде  оның құрылысына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес. Өйткені бұл тәуелсіздік жылдарындағы «сақалды» проблемалардың қатарына жатады. Ол сонау өткен ғасырдың 90-жылдарынан көтеріліп, ақшаның жетіспеуінен тоқтап қалды да, тек кейінгі үш-төрт жылда белсенді түрде қайтадан талқыға түсе бастады. Осы тұста Қазақстанның дүние жүзіндегі атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі бар 27 мемлекеттің арасына қосылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2022 жылдың соңында еліміз­де уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құраса, бұл көрсеткіш Канадада – 7,4 мың тонна, Намибияда – 5,6 мың тонна, Аустралияда – 4,6 мың тонна, Өзбекстанда – 3,3 мың тонна, Ресейде – 2,5 мың тонна, Нигерде – 2 мың тонна, Қытайда – 1,7 мың тонна деңгейінде болған көрінеді. Сөйтіп, дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, уран сатуда еліміз бірінші орынға шықты.

Осындай шикізаттық негізге сүйене отырып, Қазақстанға АЭС құрылысын жүргізу мақсатында Оңтүстік Корея, Жапония, Франция, Ресей мемлекеттерінің тарапынан ұсыныстар түсті. Президент мұндай өзекті мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Өйткені мұнда Семей ядролық сынақ полигонының қасіреті мен салдары халықтың жаны мен тәніндегі қатерлі ісік ретінде оны тұрғындар әлі де болса сезінеді. Мемлекет басшысы сонымен қатар мұқият назар аударуды қажет ететін жобаның құны мен экологияға əсері сияқты басқа да күрделі жайттарды ескере келе, бұл бастаманың мəн-мағынасына терең үңіле отырып, АЭС құрылысына қатысты мəселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұйғарды. Бұл жағдайды Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Əділетті Қазақстан қағидаттарының іс жү­зінде орындалуы деп қабылдаған абзал. Өйткені Президент Қ.Тоқаев атап өткен­дей, «Азаматтар референдумда дауыс бер­ген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қар­сы болған сарапшылардың дəйекті пікір­лерін барынша таразылап, ой елегінен өткі­зіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС сала­мыз ба, салмаймыз ба, мұны халық шешеді».

Мемлекет басшысының атом энергия­сын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміз­дің эко­номикалық дамуы, қоғамдағы әлеу­меттік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқаты­ның артуы, экологиялық мәселелерді шешу­дің жатқанын ескерген жөн. Өйткені электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін маман­дар ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйық­тан шығудың бірден-бір жолы атом энер­гетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Себебі елдегі энергетиканың жетіспеушілігіне байланысты бұл мәселені түбегейлі шешу үшін газ жобаларын қаржыландыруды 17 есе ұлғайтып, салаға 4,3 триллион теңге инвес­тиция бағыттау қажет екен.

Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет» деп, оның маңызын кəсіби тұрғыдан түсіндірудің қажеттілігіне көңіл аударды.

Атом энергиясы үздіксіз энергия өн­дірудің жалғыз ғана көзі ретінде мойын­дал­ған. Себебі АЭС генерацияның барлық түрі­нің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөл­шерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың артуына жəне декарбонизацияға көшуге байланыс­ты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатынын, жаңартылатын энергия көздерін, жел жəне күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру қажеттігін ескерген жөн. Мысалы, Чехия­д­а алты, Бельгияда бес атом реакторы жұ­мыс істесе, Швейцария төрт реактордан өндірілетін атом энергиясын пайдаланады.

Атом электр стансасын салу еліміз­дің Солтүстік, Оңтүстік жəне Батыс ай­мақтарын энергиямен қамтуға мүм­кін­дік беруі керек. Сондықтан АЭС құры­лысын жүргізуге Үлкен (Балқаш), Курчатов жəне Ақтау сияқты үш учаске қарастырылды. Атал­ған əр атом электр стансасының өзіндік мін­деттері бар. Үлкен Оңтүстік энергети­калық аймақ­тағы энергия тапшылығын, Ақтау суды тұщыландыруды, Курчатов теңгерімділік мəселелерін шешеді. Себебі мамандар бұл аймақтардың географиялық орналасу жағынан да əлеуеті атом электр стансасын салуға қолайлы деп тауып отыр.

Жалпы алғанда, жыл сайын көл бетінен 18 млрд текше метр су буланып, стансаға жы­лы­на 63 млн текше метр жұмсалатыны бел­гі­лі болды. Бұл көлдің табиғи булану кө­­лемі­нің 0,3 пайызы ғана екен. Демек Бал­қаш­қа қатер төнеді деп қауіптенуге себеп жоқ.

Уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығы біздің елге тиесілі. Сондықтан бұл бағытты барынша дамыту маңызды. Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда, Ақмола облыстарында өндірілсе, уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді. Сондай-ақ Үлбі зауытының базасында қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге отын құрамаларын өндіру жобасы табысты жұмыс істейді. Бұл атом электр стансалары үшін ядро­лық отын шығаруға кепілдік береді. Өйткені зауыттың қуаты төмен байытыл­ған уранға есептегенде жылына 200 тоннаны құрайды. «Қазатомөнеркəсіп» ҰАК» АҚ инновациялық өндірісінің іске қосылуы елімізге атом стансалары үшін ядролық отын өндіруші жəне жеткізуші мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жəне осы бағытта басқа елдермен ынтымақтастықты дамытуға жол ашпақ. Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркəсіп» уран өнімін Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада жəне басқа елдерге сатады.

2023 жылдың ақпанында Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдаулар өтті. Сол жылдың сəуірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев МАГАТЭ бас директорымен атом электр стансасының құрылысын бөлек талқылады.

Алматы облысында орналасқан Үлкен ауылына салынатын АЭС-ке қатысты осы саланың ғалымдары станса Балқаш көлінің бір тамшы да суын пайдаланбайтыны мен оның ластанбайтынына кепілдік беріп отыр. Ал енді АЭС-тің Үлкен ауылында салынуының себебіне келер болсақ, онда оның бірнеше негіздемесі бар сияқты. Біріншіден, АЭС-ті кез келген жерге салуға болмайды. Екіншіден, оның жұмысын қамтамасыз ету үшін бір елді мекенде тұратын және стансада жұмыс істейтін шамамен 2000 адам керек екен. Үшіншіден, өткен ғасырдың соңында ол жерге АЭС салу жоспарланған болатын. Сол кезде ол белгілі себептерге байланысты салынбай, елге тиімді жоспар жүзеге аспай қалды. Ендеше, дайын тұрған алаңды пайдаланудың тиімділігіне күмәнмен қараудың реті жоқ.

Осылайша, барлық қауіпті ескере отырып, негізгі бірнеше басымдықты атап өтуге болады: 1) Қазақстанда атом электр стансасын салу, атом электр стансаларын салудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; 2) атом энергетикасы үшін кадрлар даяр­лау; 3) жоғары оқу орындарында білім бағдарламаларын кеңейту; 4) «Радиоак­тивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасы Тұжырым­дамасы мен Заңының жобасы сияқты мәселелерге көңіл бөлу; 5) қоршаған ортаның қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мəселелерін айқындау; 6) еліміздің əлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына қол жеткізу.

Тағы бір ескеруді талап ететін маңызды фактордың қатарына еліміз электр энергетикасының халін жатқызуға болады. Энергия өндіруші ұйымдардың 60%-дан астамы көмірді негізгі отын ретінде пайдаланып, электр стансалары 50 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Ғалымдардың болжамына қарағанда алдағы 10 жылдан кейін елімізде электр энергиясының тапшы­лығы байқала бастайтын көрінеді. Кеңес дəуірінде салынған жылу электр стансалары әбден ескірген, ондағы жабдықтардың тозуынан апаттық жағдайдың орын алуы электр энергетикасына сенімділікті төмендетіп отыр. Ал үйреншікті көмір, яғни қатты отын экологияға орасан залал келтіріп, азаматтарымызды онкологиялық ауруларға шалдықтырып жатыр. Қазірдің өзінде халықаралық рейтинг бойынша Қазақстанның экологиялық көрсеткіші 180 елдің арасында 93-орында болса, ал ауаның ластануы бойынша 115-орында. Ал атом энергиясы, керісінше, бүкіл əлемде бейбіт жəне таза жасыл энергия көзі ретінде танылып отыр. Ендеше, жоға­рыда айтылғандардың барлығын қорыта келе және еліміздің 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналуға міндет­теме алғанын ескере отырып, елімізде, ең алдымен, экологиялық қауіпсіздік пен энергетикалық қауіпсіздік мəселесін ше­шу­дің қажеттілігі күмән тудырмаса керек.

Туындап отырған тығырықтан шығу үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған тағдыршешті мәселені референдум ар­қы­лы халықпен ақылдасу туралы өз ұстаны­мын білдірді. Өйткені елімізде атом эл­ектр стансасын салудың маңыздылығы мен оның объективтік қажеттілігін Прези­дент­тің энергетикалық қауіпсіздікті мемлекеттік қауіпсіздік мəселесі деп қарастыруы көр­сетіп отыр. Расында да, қазір атом энер­гетикасын дамыту ерекше маңызды эконо­микалық және саяси аспектіге айналды.

Еліміздің барлық өңірінде өткізілген АЭС салу мәселесіне қатысты қоғамдық талқылаулар циклінің қорытындылары да оның мән-маңызын көрсетіп отыр. Аталған проблемаға тікелей қатысы бар негізгі мәселелер анықталды. Мәселен,  Энергетика министрлігі зерттеу нәтижелері бойынша станса құрылысына ең қолайлы аумақ ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Қазір Үкімет оны салу үшін ядролық технологияны меңгерген қытайлық «CNNC», оңтүстіккореялық «KHNP», «Росатом» және француздық «EDF» компаниялары сияқты бірнеше әлеуетті компанияларды қарастырып жатыр. Атом стансасы құрылысының құны да белгілі болды. Ол шамамен 10-12 млрд доллар құрауы мүмкін. Қауіпсіздік талаптары да назардан тыс қалмаған. АЭС ІІІ+ буыны барлық ықтимал сыртқы əсерлерден қорғалған. Осыдан болар Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер институтының жүр­гізген сауалнамасына қарағанда қазірдің өзінде респонденттердің 60%-ға жуығы референдумға қатысуға ниетті екен. Енді барлығы ел тұрғындарының қолында.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған