Алдағы жылдарға жоспарланған республикалық бюджет көлемі қаншалықты ұлғайтылмақ
Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасында салықтық және салықтық емес түсімдер арқылы кірістерді айтарлықтай арттыруға бағытталған амбициялық жоспар байқалады, деп жазады Economy.kz порталының сарапшысы Лина Егель қызы.
Сонымен, Республикалық бюджеттің (трансферттер түсімдерін есептемегенде) кірістері 2025 жылы 15 633 578 935 мың теңге деңгейінде болжанып отыр, бұл 2024 жылғы бағалаудан 3 787 745 515 мың теңгеге артық. 2026 жылы кірістер 16 701 913 878 мың теңгені (1 068 334 943 мың теңгеге өсу), ал 2027 жылы 18 203 978 853 мың теңгені құрап, (1 502 064 975 мың теңгеге өсу) жетеді деп болжануда.
Кірістердің негізгі көздеріне қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС), акциздер, сондай-ақ жалға алу мен дивидендтерден түскен табыстар жатады. Сонымен бірге, мұнайға экспорттық баж салығының төмендеуі сияқты экономикалық тәуекелдер ерекше назар аударуды және бақылауды қажет етеді.
«Бұл жоспарды іске асырудың табыстылығы макроэкономикалық үдерістерді тиімді басқаруға және салықтық әкімшілендіруді күшейтуге байланысты болады», – дейді сарапшы.