Ермағанбет Бөлекпаев заңсыз құрылыстар жайлы пікірін айтты

Просмотров: 25

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев МСҚБ жұмысы туралы есепті тыңдады. Бұл туралы өңір басшысы өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Біз жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, заңға қайшы жағдайлар әлі де бар. Тиісті құжаттарсыз нысан салу мәселесі тек тұрғын үйлер мен бизнес нысандарына ғана емес, сонымен қатар шаруа қожалықтарының шаруашылық құрылыстарына да қатысты. Көбінесе құрылыс нормалары ғана емес, жер заңнамасы да бұзылады. Біз жер учаскелерін мақсатсыз пайдалану, бөтен аумақтарды басып алу және құрылыс ережелерін бұзу фактілерін көріп отырмыз. Бұл ретте заңға қайшы тұстар анықталған кезде шаруа қожалықтарының басшылары сәулет-құрылыс бақылау басқармасы салатын үлкен айыппұлдарға шағымдана бастайды, оларға бизнесті дамытуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар кейіннен бірқатар мәселелерге тап болады. Мұндай нысандарды кепіл ретінде пайдалану, субсидия алу немесе заңды түрде пайдаға беру мүмкін емес. Салдарынан бұл бизнестің дамуын тежейді және үлкен айыппұлдарға алып келуі мүмкін», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жыл бойы МСҚБ әкімшілік айыппұлдар мен техникалық тексерулер арқылы Шет, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы төрт объектісі; Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында, Қарағанды, Балқашта 38 дүкен мен кафе; Приозерск, Балқаш, Қарағанды және Ақтоғай аудандарында алты демалыс аймағы мен монша пайдалануға берілді.

“Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын құрылыс салушылардың тиісті құжаттарын мұқият тексеріп алу қажеттігін еске саламын. Сіздердің үй салуға қажетті құжаттарды талап етуге құқықтарыңыз бар. Сондай-ақ, сіздер нысанды сәулет-құрылыс бақылау басқармасының сайты арқылы тексере аласыздар. Мұнда тиісті ақпараттар жаңартылып отырады, – деді облыс әкімі тұрғындарға. – Жаңа құрылыс кодексінің енгізілуімен құрылыстың барлық кезеңдерін мемлекет тарапынан бақылау күшейтілетінін еске салғым келеді. Сондықтан барлық құрылыс салушылардан заңнаманың талаптарын қатаң сақтауды және рұқсат беру құжаттарының толық пакетінсіз құрылысқа кіріспеуді сұраймын”.

МҚСБ мен әкімдіктердің рөлі бизнесті жазалау емес, керісінше құқықтық салада қалуға көмектесу, деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

«Осы арқылы ғана бизнес өркениетті құрылыс нарығын дамытып, сатып алушылардың сенімін арттыра алады», – деді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған