Сұңғақ бойлы жас сарбаз

Просмотров: 31

Барлығымыз білетіндей, Отан қорғау — абыройлы парыз! Еліміздің кәмелетке толған әрбір азаматы өз жеріне қорған болу үшін әскер қатарына шақырылады. Себебі, өзін азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы бар әрбір жігіт ел қорғауға міндетті.

Бұл дегеніміз — батырлық пен табандылық, Отанға деген қызмет етудің мызғымас тірегі. Ер азамат бала кезден өзін әскери киім үлгісінде елестетіп, үлкен биіктерді бағындырғысы келеді. Алайда, бір қызығы мемлекетімізде әскер қатарына шақыратын күштік құрылымдар да аз емес. Мәселен, Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі. Аталған әскери ведомстволар ел ішінде үлкен абыройға ие. Біздің кейіпкеріміз өз қатарластарынан сырт келбетімен ерекшеленеді. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты Степногорск қаласында орналасқан 3517 әскери бөлімінің сарбазы — қатардағы Нұрдәулет Құдабай. Шымкент қаласынан шақырылған сарбаздың басқалардан ерекшелігі оның бойында. Сұңғақ бойлы жауынгердің бойы 2 метр 4 сантиметрді құрайды.
Нұрдәулеттің әкесінің де, анасының да бойы 80 см-ден асады. Отбасындағы төрт баланың кенжесі. Үйдің тұңғышы, кейіпкеріміздің үлкен ағасы да Нұрдәулет сияқты ұзын бойлы. Ал екінші ағасы мен әпкесі сәл кішірек болғанмен, олар да көпшілік арасында бойшаңдықтарымен дараланады. Бұл гендік ерекшелік ата-әжесінен берілген екен. Сондықтан да кейіпкер “Бұл менің ғана емес, отбасымыздың ерекшелігі деуге толық негіз бар!” дейді.


— Бой ұзындығының қиындығы да, артықшылығы да бар. Мәселен, сүйікті ісімде көмегі көп. Мен волейболды жақсы көремін. Ойын барысында әуеде ұшып келе жатқан допты, оп-оңай қағып әкете аламын. Әскерде де жиі волейбол ойнап тұрамыз. Командама ұпай жинау жағы дым қиын емес. Ал енді киім жаңартпақ болғанда, өзіме тура келетін өлшемдер табыла қоймайды. Кейбір ғимараттардың есіктеріне, немесе бір заттарға басымды жиі соғып алатыным бар. Шақ келетін аяқ киім табу да оңай емес, – дейді сарбаз күліп.
Нұрдәулет Шымкенттегі Орта Азиялық инновациялық университетінде білім алған. Оқуын уақытша тоқтата тұрып, азаматтық борышын өтеуге өз қалауымен келген екен. Қаруластары қалай бойды өсіруге болатынын жиі сұрайтын көрінеді. Киім-кешек қоймасында сирек болатын үлкен өлшемдегі әскери форма да, 48 өлшемдегі берцы етік те табылғанына қатты қуаныпты.
Айта кетелік, ұландық сарбаз қатардағы Нұрдәулет Құдабай – құқықтық тәртіп әскерінің ғана емес, жалпы еліміздегі күштік құрылымдардағы ұзын бойлы әскери қызметші болып саналады.

 

 

 

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған