ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЛАҢДАУЛЫ

Просмотров: 14

2024 жылдың басынан бері көпқабатты тұрғын үйлердегі газдың ағуына байланысты 115 рет шақырту түскен. 51 жағдайда ереже бұзғандарға айыппұл салынды. Заңсыз баллондарды автогаз құю бекеттерінде толтыруды болдырмау үшін жақын арада қалада 12 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес, тұрмыстық газ баллондарын бөлшек сауда арқылы сату тек газ желілік ұйымдары мен газ толтыру пункттерінің иелеріне ғана рұқсат етілген.

– Автогаз құю бекеттерінде (АГҚБ) газ баллондарын толтыруға болмайды. Бұл қауіпсіз емес, өйткені мұндай орындарда баллонның көлемінің 15%-ын бос қалдыру талабы сақталмайды. Көбісі баллон 27 литрге есептелгенін көріп, оны толығымен толтырады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде өте қауіпті. Жылы жерде газ кеңейіп, баллон герметизациясынан айырылады. Егер жану көзі болса, газ-ауа қоспасының жарылуы мүмкін, – дейді Теміртау ТЖБ басшысының орынбасары Владислав Карушулаков.

2023 жылы Теміртаудағы 6-шы шағын ауданда №55 үйде дәл осындай жағдай орын алып, екі әйел қаза тауып, төрт бала жарақат алды. Тергеу барысында жарылуға себеп болған – қыста балконда сақталып, кейін жылы жерге әкелініп, пайдаланылған газ баллонының герметизациясының бұзылуы екені анықталды.

АГҚБ-да газ баллондарын толтыру ережелерін бұзғаны үшін 5-тен 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, құтқарушылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударады: пайдаланудағы барлық баллондардың қызмет мерзімі 30 жылдан аспауы керек. Әр бес жыл сайын оларды заңнамаға сәйкес тексеру қажет. Баллонның жасалған уақыты мен соңғы тексеріс күндері металл биркасында көрсетіледі.

– Қазір біз әкімдікпен бірге автогаз құю бекеттеріне бейнекамералар орнату мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтарды онлайн режимінде бақылап, жедел әрекет етуге және әкімшілік хаттамалар жасауға мүмкіндік береді, – дейді В. Карушулаков.

Қалада барлығы екі газ толтыру пункті жұмыс істейді. Ал газ құюға мүмкіндік бар АГҚБ саны – 16. Олардың 12-сіне бейнекамераларды осы жылдың соңына дейін орнату жоспарланған. Бұзушылықтарды бақылаумен ТЖБ қызметкерлері айналысады.

Көпқабатты үйлердегі газ баллондарының қорын анықтаған жағдайда құтқарушылар бұл бойынша материалдарды «Теміртау қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-ге жібереді.

– 2024 жылы бөлім 50 әкімшілік хаттама толтырды. Соның бірі – Металлургтер даңғылы, 32/2 үйдегі жұмыс істеп тұрған газ құбырының тұрмыстық газ баллонына өздігінен қосылуы. Құбырды өз бетімен кесіп тастаған, – дейді Теміртау тұрғын үй инспекциясы бөлімі газбен жабдықтау жөніндегі бас маманы Ілияс Ахилбеков.

Көпқабатты үйде газ баллонын пайдаланғаны үшін алғашқы ереже бұзуда 7 АЕК, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады.

Құтқарушылардың айтуынша, қалада баллондарды жеткізумен айналысатын бірнеше компания, соның ішінде Қарағандыдан келетін фирмалар жұмыс істейді. Тұрғын аймақтарда газ баллондары бар көліктердің аулаларға кіруіне тыйым салатын 50 белгі орнатылған. Бұл тыйымның сақталуын бақылау полиция қызметкерлеріне жүктелген.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған