Тау тұлғаның тойы
Жаңаарқаның төрінде Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Ахаңды сағынған жұрт Арқа төсіне елдің барлық қиырынан арнайы келді десек, артық айтқанымыз емес. Күні кеше ғана ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы өтпей қалып, көңілге кірбің ұялатқан-ды. Ал ұлт жоқшысы атанған Ақселеудің тойында көлденең кедергі кездеспеді. Әйтсе де жиналған жұрт тау тұлғаға қойылған ескерткішті көргенде «әттеген-ай» айтып тарқасты. Басынан баяндасақ…
Ғұмыры қысқа ескерткіш
Той аясында «тау тұлғаның мүсіні салтанатпен ашылады» деген хабар алдын ала тараған-ды. Жұрт өмірде сал-серілік салтты ұстанып, сырбаз қалпын сақтап өткен сұңғақ бойлы Ахаңның бейнесін көруден үміт күтті. Орталық алаңға жиналып, асыға күтті. Жиынға ұлт зиялылары, ақын-жазушылар, Сенат депутаттары, Ұлытау облысының атқамінерлері, көсемсөз шеберінің шәкірттері, журналистер қауымы және Ахаңның туған-туыстары қатысты. Көп алдында сөз алған ақын Несіпбек Айтұлы Жаратқан қазаққа екі дәуірде екі Ахаңды бергенін айтты. Екеуі де ұлттың жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеп кетті. Алғашқысы – әрине, Ахмет Байтұрсынұлы. Ал екіншісі – Ақселеу Сейдімбек. Екеуі де ұлтқа қызмет жолында отқа күйген, бірақ ұстанған жолдарынан таймай, соңына өлмес мұра қалдыра білген.
Хош, ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған жандардың бәрі рухты ойлар мен сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Жыр оқып, әннен шашу шашылды. Алайда көптен күткен сәт келіп, ескерткіш ашылған сәтте, шаршы топты өлі тыныштық кернеп кеткен-ді. Мүсінді жасаған жан Ахаңды ұлықтап, тұлғалық бейнесін дәл сомдаудан бұрын оны барынша төмендетіп, мазақ етуді мақсат тұтқандай. Басы үлкен, денесі тым ұзын, балтыры тоқ, ал аяқтары жіп-жіңішке. Қолына ұстатып қойған таяғының ұзындығы тізеден сәл-ақ асады. Бір сөзбен айтқанда, хас масқараның дәл өзі. Көптің көңілінде «Ақселеу мұндай мазаққа лайық па еді?» деген сауал мен жабырқау анық аңғарылып тұрған-ды. Әйтсе де іштен тынды. Ал бұл тұста әлеуметтік желіде қызу дау өршіп жатқан еді.
Аудан басшылығының хабарлауынша, ескерткішке бюджеттен қаражат бөлінбеген. Барлық шығынды Ахаңның туыстары көтерген. Көптің көңілінен шықпаған мүсін той өткен соң алынып тасталды.
Ақселеу – ғалым
Иә, Ақселеу Сейдімбек – қазақ ғылымының дамуына, оның ішінде этнография мен түркітанудың өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан жан. Мерейтой аясында «Ақселеу Сейдімбек және көшпелілер мәдениеті» атты республикалық конференция ұйымдастырылып, оның тізгіні филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанға табысталған-ды. Салиқалы отырысты Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашты.
– Биыл белгілі этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбекұлының 80 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осынау торқалы тоймен барлық Жаңаарқа жұртшылығын ыстық ықыласпен құттықтаймын. Құндылықтарымызды түгендеп, бабалар жолын жаңғырту, оларға тағзым етіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы, ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі амалы. Бүгінгі марқұм ағамызға көрсетіліп жатқан құрмет – осы айтылған ойдың бірден-бір көрінісі, – деген Берік Әбдіғалиұлы этнографтың тарихи пайымдары сірескен еңбектері алдағы уақытта терең зерттеуді қажет етерін еске салды.
Жиында Ахаңның сан салалы қыры тілге тиек етілді. Этнографтығы, жазушылығы, журналистігі, сазгерлігі, зерттеушілігі және тағы басқа қырлары да сөз болды. Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, тарихшы профессор Қойшығара Салғарин, түрколог профессор Қаржаубай Сартқожа, әйгілі физик профессор Темірғали Көкетаев, ақын Ғалым Жайлыбай, Қарағанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков, белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Жанарбек Әшімжан, әнші Сәуле Жанпейісова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, этнограф жазушы Төрехан Майбас сөз сөйледі.
– Біз Ахаңды (Ахмет Байтұрсынұлы) «ұлт ұстазы» деп әспеттейміз. Ал Ақселеуге келсек, оған «ұлт жоқшысы» деген ат лайық. Әсілінде, көзі тірісінде ұлтымыздың жоғалтып алған дүниелерін түгендеп, қайта жаңғыртуға бар күшін салған-ды. Бүгін Ахаңның ескерткішін аштық. Бірақ тас тұғырдың астына «Ақселеу Сейдімбек» деп жазып қоймаса, оған бұрылып та қарамас едік. Жазу тұрған соң, амалсыз мойын бұруға мәжбүр болдық. Мен ескерткіштен Ахаңның қазақ домбырасын ұстап тұрған бейнесін көргім келеді, – деді Төрехан Майбас.
Ғылыми конференция барысында Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Аманжол Әлтай талапты жастарды қолдау мақсатында алаштың аяулы перзенттері Ақселеу Сейдімбек және Еламан Шаханов атындағы стипендия тағайындағанын мәлімдеді. Бұл стипендияға ұстаздарының ұсынуы бойынша оқуда озат, алғырлығымен көзге түскен Сәрсенбай Гүлім мен Тәжібай Аяулым есімді оқушы қыздар лайық танылған екен.
Конференция соңында Ақселеу Сланұлының 80 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды. Жыр бәйгесіне елдің түкпір-түкпірінен «менмін» деген шайырлар қатысты. Сайлаухан Нәкенов атындағы арнайы жүлдемен Жезқазған қаласынан Абай Ораз, Қалиақбар Әбілдин атындағы жүлдемен Қарағандыдан Ерік Нарын, Асан Жұмаділдин атындағы жүлдемен Түркістан облысынан Арқалық Әмәлиәтұлы, Еркін Игенберлин атындағы жүлдемен Айдар Сайлауов марапатталды.
Ал III орынға «Егеменнің» тілшісі Батырхан Сәрсенхан мен қарағандылық ақын Жәлел Шалқардың өлеңдері лайық деп танылды. II орынды елордалық ақын Алма Ақылбайқызы алды. Ал I орынды «Егемен Қазақстан» газетінің тағы бір тілшісі Жәнібек Әлиман иеленді. Бас бәйгені ақтөбелік ақын Азамат Әбілқайыр еншіледі. Мүшәйра жүлдегерлерін аудан әкімі Юржан Асанұлы марапаттап, ақындарға шығармашылық табыс тіледі.
Ақселеу биігінде
Аудандық мәдениет үйі ғимаратында өткен алқалы кеңестен соң ел Ақселеу биігіне ат басын бұрды. Қарауыл төбенің басында қарайып жатқан тау тұлғаның рухына Құран оқылып, дұға бағышталды. Осыдан соң етектегі қалың қазақы үйде ас берілді. Осыдан соң аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әзірлеген «Балталы, Бағаналы ел, аман бол» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Бұл туынды Ақселеу Сейдімбек шығармашылығы негізінде әзірленген екен. Сондай-ақ «Жаңаарқа жері – жыр елі» атты аймақтық фестиваль да көрермен көзайымына айналған-ды.
– Ақселеу бар ғұмырын елім деп өткерді ғой. Қаншама кітап жазды. Есімін ұмытпай, қайта ұлықтап отырған халқыма айтар алғысым шексіз. Жастар білсін, оқысын. Олар да ержеткен соң елге қызмет қылып, Ақселеудің жолын жалғасын, – дейді тойға немерелерін ерте келген Ақселеу Сейдімбектің жан жары.
Ас берілген соң ат жүгіртіліп, балуандар белдесті. Аламан бәйге болды. Жиырма сегіз ат отыз шақырымға шапқанда, жаңаарқалық «Айсуат» атты тұлпар қара үзіп келді. Түйе балуандар арасындағы белдесуде Асыл Барменов қарсылас шақ келтірмеді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»