Тәрбиеші үш-ақ құжат толтырады

By Gazeta Сен 14, 2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді қызметіне тән емес функциялардан босату міндетін қойған болатын. Мемлекет басшысы қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң осы бағытта қажетті нормаларды бекітіп, ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Осы жұмыстың шеңберінде балабақша тәрбиешілері толтыруға міндетті құжаттардың санын азайтатын бұйрыққа қол қойылды. 2020 жылы орта, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейіне де осындай тізім бекітілген болатын. Сол бұйрық арқылы мектеп пен колледж мұғалімдерінің есеп тапсыруы қатаң шектелді. Мысалы, мектеп мұғалімі күн сайын екі құжат қана толтыруы керек: мектеп журналына (электронды) баға қою және сабақ жоспары. Алайда мектепке дейінгі білім беру деңгейінде мұндай тізім реттелмегендіктен, көптеген құжат проблемасы болды. Олардың тізімі балабақша басшылығының көзқарасы мен маңыздылығын түсінуге қатысты болды.

Министр мәліметінше, енді қол қойылған бұйрыққа орай тәрбиеші тек оқу жылына арналған перспективалы жоспар (жылына бір рет толтырылады), тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады), диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасын ғана толтырады. Соңғысы қажеттілігіне қарай толтырылып, жүргізіледі.

Демек, енді мектепке дейінгі білім беру деңгейі бойынша министрлік айқындаған нақты тізбе бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заңда және Әкімшілік кодексте жазылған басқа да құжаттарды талап етуге жауапкершілік қарастырылған және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартатын органдар да бар.

Асхат Қанатұлы «Жауапкершілікке тарту кімнің құзырында?» деген сауалға да жауап бере кетті. «Педагогтерден шектен тыс есепті немесе қызметтік міндеттеріне жатпайтын ақпаратты талап ету фактілері бойынша өтініш түскен кезде, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері құқық бұзғаны үшін жоспардан тыс тексеруді ҚСжАЕК органдарында тіркейді және оны білім беру ұйымына барып немесе бармай-ақ жүргізеді. Құқық бұзу фактісін жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру бланкілерінің көшірмелері және педагогтен есеп беруді немесе ҚР білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген мәліметтерді талап етуді растайтын басқа да материалдар растайды», – деп жазды министр.

Егер құқықбұзушылыққа алғаш рет жол берген адам өз кінәсін мойындаса, комитет және аумақтық орган әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырмай, кінәлі адамға ескерту туралы қаулы шығарады. Ал адам қайтадан құқық бұзса, оған қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылады. Әкімшілік айыппұл 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін.

Елдің бас мұғалімі бұған дейін жауапты тұлғалар заң бұзғаны, артық есепті және басқа да құжаттарды талап еткені үшін жауапқа тартылғанын еске салды. Содан соң білім беру ұйымдарының басшыларынан тағы да заңды қатаң сақтауды және артық есепті талап етуге жол бермеуді сұрады.

Ақзия Оразалиева

By Gazeta

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *