Қарағанды облысы үш айда 1 трлн теңгенің өнеркәсіптік өнімін өндірді
Қарағанды облысы экономика дамуының оң динамикасын сақтап отыр. Жыл басынан бері өсім шамамен 13%-ды құрады. Өсім барлық негізгі көрсеткіштер бойынша байқалады: өнеркәсіп және аграрлық өнім өндірісі, инвестициялар, құрылыс, сауда және т. б.бАймақтың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы аппараттық кеңесте баяндалды.
– Облыс экономикасының өсу қарқыны 12,9% деңгейінде қалыптасты. Өнеркәсіп өнімдері 1 088,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артық. Өсім машина жасау, қара және түсті металлургия, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісінде қамтамасыз етілген. Тау-кен өнеркәсібінде көлем 12,7%-ға өсті, өсім көмір және металл кендерін өндіруде де қамтамасыз етілді, – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Үш айда 165 млрд теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығындағы, өңдеуші өнеркәсіптегі, құрылыстағы, саудадағы, білім берудегі салымдардың өсуі тіркелді.
Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша 30-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 17-сі өнеркәсіпте, онда 2,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарлары мен кір жуу машиналары шығарыла бастайды. Осакаров ауданында «Гиперборей» компаниясы қуаты 150 МВт болатын алғашқы жел электр станциясын іске қосады.
Кеңесте тұрғын үй құрылысы туралы да баяндалды. Жыл басынан бері 54 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін бастапқы нарықта пәтерлер сатып алынады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту.