Қарағанды облысындағы колледждердің жеті студенті топ-100 қатарына енді
«Қазақстан Республикасының үздік 100 колледж студенті» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылында ол жаңа тыныс алды. Байқау үш кезеңде өтіп, бүкіл елді қамтыды. Финалға 200-ге жуық үміткер шықты. Үздіктер атағы үшін оқу озаттары, халықаралық және республикалық жобалардың, WorldSkills чемпионаттарының, олимпиадалардың, байқаулардың, жарыстардың көшбасшылары мен белсенді қатысушылары бақ сынасты. Онлайн-дауыс беру және қазылар алқасының шешімі жүздеген жеңімпазды анықтады. Олардың ішінде Қарағанды облысындағы жеті колледж студенті бар.
Іріктеу өте қатаң болды. Өңірдің 52 колледжінде 33 мыңнан астам студент білім алуда. Жұмысшы кадрларды 126 мамандық бойынша дайындайды. Топ-100 байқауының облыстық кезеңінде 69 студент сайысқа түсіп, олардың ішінен үздік ондық таңдалды. Олар республикалық кезеңге жолдама алды.
Нәтижесінде топ-100-ге:
Аяна Қадырбаева – Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі;
Мәдина Кәрімова – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті, болашақ музыка мұғалімі;
Әнел Тікенова – Қарағанды Bolashaq жоғары колледжінің студенті, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі;
Разия Әбдуәлі – Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің студенті, болашақ кондитер-безендіруші;
Айбар Жоланов – Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенті, болашақ металлург;
Гүлпахат Құттыбаева – Қарағанды технология және сервис колледжінің студенті, болашақ модельер-пішуші;
Нұрдос Түсенов – А. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті, болашақ бастауыш сынып мұғалімі.
Олардың әрқайсысының жетістіктері, табысты жобалары бар.
Мысалы, Enaktus Kazakhstan жобасының қатысушысы Гүлпахат Құттыбаева өз алаңында жүнді қайта өңдеу бойынша бизнес-идеяны қорғап, оны іске асыра алды. Қарағанды технология және сервис колледжінің үшінші курс студенті DalaSkills өңірлік фестиваль-конкурсының жеңімпазы және Wordskills Kazakstan республикалық кезеңінің жүлдегері болды.
Разия Әбдуәлі Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің екінші курсында оқиды, сонымен қатар ісін жаңа бастаған кәсіпкер. Туған ауылында наубайхана ашқан. Ауылдастары дәмді және сапалы тамақтанып, тұрақты жұмыс істеуі үшін жерлестеріне пайда әкелгісі келеді.
Әнел Тікенова – Bolashaq колледжінің студенттер парламентінің президенті. Қазақ әдебиетін жақсы көреді, оқырмандар байқауына белсенді қатысып, жетістіктерге жеткен.
Теміртау жоғары политехникалық колледжінің төртінші курс студенті Айбар Жоланов – металлургиядан халықаралық олимпиаданың жүлдегері. Астанадағы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестиваліне қатысып, өзінің колледжі мен металлургия мамандығын ұсынды. Болашақта саладағы жаңа шешімдерді іздестіріп, металл өңдеудің инновациялық технологияларын әзірлеуге қатысқысы келеді.
«Қазақстан Республикасының үздік 100 колледж студенті» байқауының мақсаты – талантты жастарды қолдау, кәсіби дағдыларды дамыту және тұлғалық өсуге ынталандыру. Қатысушылар оқу аяқталғанға дейін жұмыс берушілердің назарын өзіне аударуға мүмкіндік алады.
Жеңімпаздарды марапаттау сәуір айының соңында Астанада өтеді.