Цифрлық штаб Президент Жолдауын орындау үшін бірқатар шешімдер қабылдады
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Цифрлық штабтың отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерге назар аударылды.
«Мемлекет басшысы цифрлық қалыпқа көшу арқылы экономиканың барлық салаларын жаңғырту міндетін қойды. Сондықтан ЖИ енгізу нақты нәтижеге бағытталуы тиіс»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс қорытындысы бойынша бірыңғай ұлттық цифрлық жүйені құруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.
Мемлекеттік органдарға келесідей тапсырмалар берілді:
▫️осы жылдың 15 қарашасына дейін денсаулық сақтау саласының басым бағыттарына НҚА-ға тиісті өзгерістер енгізе отырып, отандық стартаптардың шешімдерін енгізуді қамтамасыз ету;
▫️осы жылдың 20 желтоқсанына дейін денсаулық сақтау саласындағы 7 әртүрлі ақпараттық жүйені Qaztech базасындағы интеграцияланған 2 платформаға біріктіру;
▫️осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап электр және жылу желілерін диагностикалау үшін жасанды интеллекті технологияларын енгізу;
▫️осы жылдың 20 желтоқсанына дейін елдің отын-энергетикалық кешенінде Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығының жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.