Президент бастамасымен Парламенттік реформа жөніндегі комиссия өз жұмысын бастады

Просмотров: 20
20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси партиялардың рөлін күшейте отырып, екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшуді көздейтін ауқымды парламенттік реформаның басталғанын жариялады. Осы бастаманы дамыту үшін Президенттің 2026 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығымен консультативтік-кеңесші орган ретінде Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі комиссия құрылды.
Қарағанды облысынан комиссия құрамына менімен қатар Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ректоры Нұрлан Дулатбеков, «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков кірді.
Бүгінгі таңда Комиссия алты отырыс өткізді, оның барысында еліміздің жоғары өкілді органын трансформациялаудың негізгі бағыттары және Ата Заңның жаңа редакциясының тұжырымдамалық негіздері талқыланды.
Бүгін аталған бастамалар мен комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін облыстық мәслихат депутаттарымен және облыстың Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыладық. Талқылау барысында еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамыту үшін ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің маңыздылығын атап өттік.
Комиссияның алтыншы отырысында Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов 11 бөлім мен 95 баптан тұратын Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын ресми түрде таныстырды. Құжатта мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілген, ал адам құқықтары мен бостандықтары ел тарихында алғаш рет мемлекеттік саясаттың ең жоғары басымдығы болып жарияланды. Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасуының тарихи жолы мен қазақ жерінің өркениетті бастаулары бейнеленген кіріспенің де маңызы зор.
Конституция жобасын талқылау аясында саяси партиялардың демократиялық мемлекеттің негізгі институттары ретіндегі рөліне ерекше назар аудардық. Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусында алты партия ұсынылған, олардың өкілдері алдағы реформаны жекелеген өзгерістер жиынтығы ретінде емес, мемлекеттік басқару моделіне терең мән беру қажеттілігі екендігі туралы нақтыланған ұстанымдарын білдірді. Ұсынылған Конституциялық жаңашылдық билікті монополиясыздандыруға, демократиялық институттарды дамытуға, парламенттік бақылауды күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге бағытталғанын жеткізді.
Талқылауды қорытындылай келе, 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Конституция Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуында іргелі рөл атқарғанын тағы бір мәрте нақтыладық. Дегенмен, объективті саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар оны қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге бейімдеуді талап етеді.
Парламенттік реформа мен конституциялық өзгерістерді талқылау жалғасатын болады. Конституциялық комиссияның жұмысы ашық сипатта өтеді, ал халықтың пікірі алдағы өзгерістерді табысты жүзеге асырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған