Арқа мәдениетінің майталманы

Просмотров: 147

Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова 1943 жылдың 9 ақпанында Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Арқаның мәдениеті мен өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі. Сонысымен де көптің құрметіне бөленіп, ел алғысын арқалаған жан.

Ғұмырбаяндық деректеріне көз салсақ, Рымбала Кенжебалақызы 1965 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін «Орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас маман Қарқаралы ауданының Қырғыз кеңшарындағы №23 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ал 1966 жылы Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектепке ауысады. 1967 жылдан Қарағанды облысы Қазақстан ЛКЖО Қарқаралы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы; 1971 жылдан Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, студенттер, мектеп жастары мен пионерлер бөлімінің меңгерушісі; 1973 жылдан Қазақстан Компартиясының Қарқаралы аудандық комитетінің хатшысы лауазымдарын атқарған.

1980 жылы Мәскеу қаласындағы КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. Дәл сол жылы «Дамыған социализм кезеңінде ауыл мәдениетін дамытудағы Кеңестердің қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанады және Компартияның Қарағанды облыстық комитетінің дәріскерлер тобының жетекшісі болып сайланады.

1982 жылдан үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 1985 жылдан Қарағанды облыстық атқару комитеті Мәдениет басқармасының бастығы; 1987 жылдан Қарағанды облыстық Халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары; 1992 жылдан Қарағанды облыстық Мәдениет комитетінің төрағасы; 1999 жылдан Қарағанды облыстық мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім департаментінің бастығы; 2000 жылдан Қарағанды облыстық Мәдениет департаментінің директоры; 2005 жылдан Қарағанды облысы Мәдениет департаментінің директоры; 2008 жылдан 2011 жылдың ақпанына дейін Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. Зейнет демалысына шыққан соң да мәдениет саласынан қол үзбей, қоғамдық шараларға белсене қатысып, өзінің азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетіп жүр. Сонысымен де көпке үлгі.

Рымбала Омарбекова «Парасат» орденімен (2007), «Еңбек үздігі үшін» медалімен (1976), ҚазКСР Жоғары Кеңесінің грамотасымен (1975) марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (1998). Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының құрметті азаматы (1999)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған