Қарағанды-Жезқазған бағытындағы тас жол қашан жөнделеді?

Просмотров: 10

Қараған-Жезқазған күре жолының Қарағанды облысының аумағымен өтетін 40 шақырымы 2025 жылы жөнделмек. Бұл жайында облыстық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды 247media.kz

Қарағанды-Жезқазған бағытында қатынайтын жолаушылар бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Екі облысты қосатын тас жолдың жағдайы мүшкіл. Шұрық-тесік жолда жол апаты да жиі орын алады. Жолаушылар тас жолдағы жөндеу жұмыстарының басталуын асыға күтуде.

Бұл жолға күрделі жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгені тіпті есімізде де жоқ. Жұмыс барысымен аптасына 1-2 рет Жезқазғанға қатынауға тура келеді. Барып-қайтқанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Екі облыс орталығының арасы жақын да емес. 500 шақырымды бір күн жүріп өтесің. Өте қиын, – дейді Қарағанды тұрғыны Есімхан Әділгерейұлы.

Қарағанды мен Жезқазғанды байланыстыратын күре жолдың бойында бірнеше елдімекен мен ауылдар орналасқан. Бұл аймақтың тыныс-тіршілігі осы күре жолмен тығыз байланысты.

Республикалық маңызы бар Қарағанды-Жезқазған жолының жағдайына орай тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар түседі. Жалпы ұзындығы 513 шақырымды құрайтын жолдың 160 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. 2025 жылы осы жолдың 40 шақырымын жөндеу жоспарлануда. Жаңаарқа ауданының орталығынан Қарағанды және Жезқазған бағытына қарай жол жөндеу жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта жаңғырту жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жасалуда, – дейді Қарағанды облысы жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған