Қазақ мектептеріне қандай пән қажет?  

By admin Май 9, 2022
Көрнекі сурет

Қазақ халқында «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет мақал бар. Талдап қажеті жоқ, ақиқат екендігі айқын. Осыған орай айта кететін бір мәселе көрсең деген сөздің маңызы туралы болмақ. Жалпы адам баласы, оның ішінде, әсіресе, балалар естігеннен гөрі көргенін жүзеге асыруға бейім келеді. Неге? Әрине, оның себептері көп. Солардың бірі естігеніңіздің басым бөлігінің түйінінде талап қою аңғарылып тұрады. Ал, тыңдаушының ойына осыған орай «мен өзім білемін, айтушының айтқанындай жасауға міндетті емеспін» деген тәрізді қарсылық мәнді пікірлер келеді. Сонымен қатар, естігеннен гөрі көрген нәрсе есте көбірек, ұзағырақ сақталады. Өйткені, көргенге куәсің, естігенге куә бола алмайсың. Аңыздағы Алдар Көсенің: «Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?» дегеніне Шығайбайдың: «Естігеннің өтірігі көп болады, көргеніңді айт!» дейтіні, халықтың «Өтірік пен шынның арасы төрт елі» дейтін мәтелімен сабақтасып жатыр. Және көруде талап қою әрекеті болмайды. Олай болса, қазақтың тәртіпті, үлгілі жастарды «көргенді бала екен» деуі осы негізден туындаған.

Көрнекі сурет

Бала тәрбиесі баршаның ісі. Сенікі, менікі деп бөліп-жаруға болмайды. Ол – біздің болашағымыз. Еңселі елдің ертеңі – жастардың толымды тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, тәрбиеге мән берген жөн. Халық ақындарында түрлі ауысулармен кездесіп отыратын бір қолданыс бар. Мысалы:

Ошақтың үш бұтына бермеген соң,

Жел сөздікі кетеді желден алған (Қақпан ақын).

Осы орайда «Ошақтың неге үш тұғыры болған? Неге төртеу, бесеу емес?» деген сұрақтар ойға келеді. Қазақ халқы ертеден-ақ жаратылыстың заңдылығын қыры мен сырын жетік білген. Оны дәлелдеп жату қажет емес. Үштіктің қолданысы да осы негізден туған. Бір саны – жаратушыға, екі саны жаратылысқа, ал үш саны жаратылыстың дамуына тән деп пайымдаған. Сондықтан, үшті өсу, өркендеу деп түсінген. Ошақтың үш тұғырдан тұруы, отбасым өсіп, өркендесін дегені. Киіз үйдің де басты бөліктері үш нәрседен – керегеден, уықтан, шаңырақтан тұрады. Қазақ халқының үш жүзден құрылуы да осыған негізделген. Ал, ұлттың үш тірегі – тілі, діні, салты. Бұл үшеуінің бірі әлсіресе, ұлттық болмысына нұсқан келеді.

Бір санының ұғымына байланысты бір мысал «Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасқан» деген мақал. Яғни, қазақ халқы көне дәуірден Жаратушының жалғыз екенін білген. Қазақта Тәңір – біреу, тәңірлер деген ұғым да, қолданыс та жоқ. Екі санына қатысты мысал «Екі кеме құйрығын, ұста жетсе бұйрығың» деген мақал. Жаратылыс екіден тұрады дедік. Өмірдегі қарама-қарсы құбылыстар – егіз. Атап айтқанда жақсы-жаман, жарық-қараңғы, бар-жоқ т.т. Қолыңызда кітап тұр ма, жоқ деп айта алмайсыз. Кітап жоқ па бар деп айта алмайсыз. Дастарханда дәм тұр, ауыз тиесіз, немесе, ауыз тимейсіз, екеуін қатар қолдану мүмкін емес. Міне, «екі кеменің құйрғы». Ал, үшті даму дедік. Қарапайым мысал: ата – ана – бала. Бала дамудың көрінісі. Мысалды көптен келтіруге болады, біз осымен шектеле тұрғанды жөн көрдік.

Ұлттың тірегі болып табылатын үш тұғыр бірімен бірі тығыз байланысты, бөліп жаруға келмейді. Барлап көрелік. Қазақ осы өмірді «Бес күндік жалған» дейді. Неге? Жеті күндік жалған десе, аптада жеті күн бар, дыбыс үйлесімі де келеді. Бірақ, бес күн. Бұл жерде жаратылыстың тағы да заңдылығы жатыр. Өмір бес бөліктен тұрады: туу, даму, кемелдену, тозу, өлу. Бәрі өтпелі. Мәне бес күндік жалған. Бұл – тілдегі салттың көрінісі. Осы сипат бес мезгіл намаз оқуға әкеледі. Діндегі салттың көрінісі. Қазақ жақсы көрген адамына «Айналайын!» дейді. Ай – жердің серігі, дөңгелене біткен жердің серігі. Айна – өзіңді өзіңе көрсетеді, айнал – бұйрық райлы етістік, айнала-маңайың, жан-жағың, айналайын – жақсы көру. Дүкенге барып, бір киімді ұнатсаңыз, аралап болған соң сол киімге қайтып келесіз. Бұл – айналу процесі. Тоғыз планета өздері нәр алып тұрған күнді айналып жүреді. Бір сөзбен айтқанда – жаратылыс заңдылығы. Олай болса, «Айналайын!» сөзі салттағы тілдің көрінісі. Түптен келгенде айтарымыз ұлттық болмысты толығымен сақтау үшін осы үш тұғырды әр азамат жеткілікті деңгейде игеру керек.

Қазіргі кезде ерекше назарды қажет ететін сала – салт-дәстүр. Әсіресе, жастар жағы салтқа мән беруден қалып бара жатыр. Ал, салт – ұлтты даралап көрсететін ерекшеліктердің бірі болып табылады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтел бар. Егер озығы бар дәстүрді жас буынға оқытсаң, сол арқылы адамгершілік қағидаларын бойына дарытсақ жөн іс болар еді. Яғни, қазақ мектептеріне мүмкіндік болса, «Қазақ салты» деген пәнді енгізу керек. Енді оны оқытудың жолы қандай болмақ?

Алдымен анықтайтын мәселе, пәнді оңы мен солына көз сала бастаған жоғары сыныпқа, шамамен оныншы сыныпқа қойған дұрыс. Аптасына бір рет, немесе, екі рет өтуі қажет. Бір оқу жылы бойына оқытылып, соңы емтиханмен аяқталса жөн болар еді. Енді оқулық қандай нұсқада болуы керек? Ұлттық салттың түрлері жүйеленіп, бірнеше топқа жинақталуы қажет. Атап айтар болсақ, ұлттық сипатты айқын байқататын ғұрыптық салт, әдетке айналған әрекеттер арқылы аңғартылатын дәстүрлі салт, наным-сенімді көрсететін діни салт, ниетті, тілекті сездіретін ырымдық салт, күнкөріс кәсібіне қатысты шаруашылық салт. Мүшел жасты желеу етіп, әр салттан он екі түрін алар болсақ, алпыс сағат шығады, кіріспе, қорытындысы, қайталауы бар, алпыс сегіз сағат болса, аптасына екі сағаттан келеді екен. Енді, жазылу жүйесі қандай болу керек? Әр сабаққа бір салттан алып, үш бағыт бойынша талдап, жазылған жөн. Бірінші тақарыпта – салттың сипаты. Мұнда жалпы түсінік жасалады. Екінші тақарыпта – салттың қолданылуы. Мұнда жүзеге асыру әдісі айқындалады. Үшінші тақырыпта – салттың маңызы. Мағынасы мен қажеттілігі ашылады. Мәселен, қазақ халқында қонақжай ел болғандықтан «омыртқаға шақыру» деген бар. Сипаты – ет асқанда міндетті түрде жалпақ омыртқа (белдеме) салынады. Көбінесе, көктемде, сәуір айында (наурыз өткен соң) қолданылады. Маңызы үй иесінің қонақтарға тілегін аңғартады: екі қанаты – қарлығаш құстың қанаты, жұлын өтетін қуыс – ағын судың арнасы, қуыстың бір жағындағы екі түбіртек – тұлпар аттың тұяғы, байланысатын буындардың шығыңқы жағы – батырдың маңдайы, кіріңкі жағы – шешеннің таңдайы. Осы бес түрлі тілекті қонақтарға арнағандағы омыртқа арқылы аңғартылған. Айқындап, талдап, түсіндіріп жазса, бір сабаққа жүк болары сөзсіз. Осындай оқу құралын жазуды біз де жоспарлап отырмыз. 2004 жылы «Әлем әдбиеті» деген оқу құралын 7,8,9 сыныптарға арнап алғаш рет жазып ұсынған едік, енді «Қазақ салтын» ұсынбақ ойдамыз. Егер жас жеткіншектердің білімді де, білікті болуына осы еңбегіміз арқылы бір тамшыдай болса да үлес қоса алсақ, үлкен жетістік деп санар едік.

М.І.Әбдуов,

филология ғылымдарының докторы

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *